«Шекарада уақытша шектеулер жойылды»: Шетелге шығу тәртібі жеңілдемек

119

Қазақстан шекарасында карантинге байланысты қойылған уақытша шектеулер жойылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды. Яғни, жиында карантин кезінде мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін жеңілдету мәселелері талқыланды.

Комиссияның шешімімен, уақытша шектеулер алынып тасталды. Яғни, енді Қазақстан Республикасы азаматтары халықаралық әуежай арқылы шет мемлекетке шығуына, визалық талап сақталған жағдайда шетелдіктерге визасыз режимі бар елдерден, сондай-ақ тікелей әуе қатынасы бар елдерден Қазақстан Республикасының аумағына транзиттік өтуге рұқсат беріледі.

Сондай-ақ, ел азаматтарының автоөтпе арқылы шетелге шығу үшін қойылған шектеу мерзімі екі есе қысқартылды. Бұған дейін қазақстандықтар өзге мемлекетке 1 айда 1 рет қана шықса, енді ол 15 тәулікке қысқартылды. Қазақстанға кіру кезіндегі жалғыз талап – шетелден келгендердің барлығы вакцина алғанына қарамастан, 72 сағат ішінде жарамды COVID-19-ға теріс ПТР-тесті туралы анықтаманы ұсынуы керек. Бірге алып жүретін адамдарда теріс тест туралы құжат болған жағдайда 5 жасқа дейінгі балалардан анықтама талап етілмейді.

Бұл шаралар экономикалық қызметті жандандыруға, отандық туристік бизнесті дамытуға және елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған. Еске салайық мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 21 қаңтарда бизнес өкілдерімен кездесу барысында Үкіметке коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша карантиндік шараларды қолдану тәсілдерін қайта қарауды тапсырған болатын.

                                                                                          Мөлдір Ибадуллаева