Шымкенттік кәсіпкер наурыз мерекесіне орай ауған соғысы ардагерлеріне азық-түлік жинағын сыйға тартты. 150 отбасыға табысталған жинақта күнделікті тұрмысқа қажетті азық түрлері бар. Соғыс ардагерлері мен олардың жақындарының батасын алуды мақсат еткен кәсіпкер қайырымды істі алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр.
Наурыз мерекесіне орай шымкенттік кәсіпкерлер ауған соғысына қатысқан ардагерлер мен олардың отбасына азық-түлік жинағын сыйға тартты. Онда ұн, май, күріш секілді күнделікті тұрмысқа қажетті азық түрлері бар. Ұлдары майданда қаза тапқан кейуаналар өздеріне көңіл бөліп, құрмет көрсеткен жомарт жандарға үлкен алғысын білдірді.
Тыныштық Егембердиева, Ғалымжан Егембердиевтің анасы: «Бізді жаңағы баласы қайтыс болған ана ретінде шақырып отыр. «Анаға құрмет» деген атаққа ие боласыздар, ие болып жүрсіздер, соны жалғастыра беріңіздер деп шақырып отыр. Рақмет айтам, осындай үлкен дастархан жайып, үлкен көмек қолын созғаны үшін. Әруақытта өмірі ұзақ болсын, бала-шағалары аман болып, арамызда жүре берсін!».
Гүлшара Жұмалинова, Әбдірахым Алпысбаевтың анасы: «Балам Алпысбаев Әбдірахым Ауған соғысында ерлікпен қаза болған. «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері. Мына балаларым мерекеде шақырғанына рақмет деймін! Дендері сау болып, жақсылық болсын! Қазақстан елінде тек тыныштық болсын!».
Белгілі кәсіпкер Айжан Наимбекова «бұл істі қолға алғандағы басты мақсат — ауған соғысы ардагерлері мен олардың жанұясының батасын алып, жүректеріне қуаныш ұялату» дейді.
Айжан Наимбекова, «GraMad» сауда желісінің бас директоры: «Бүгін Наурыз таңында осыдан 30-40 жыл бұрын ауған соғысында сол кезде жас болған, қазіргі біздің аға-аталарымыз өздерінің елдің алдындағы парызын өтеп, ауған еліне барып, соғысқа қатысқан. Олардың ішінде қайтып келмегендер бар, мүгедек болып келгендер бар, Наурыз мейрамында мен осы ауған соғысының ардагерлеріне, барлық отбасына азық түлік себетін бергім келген еді».
Мейрам күні 150 отбасыға азық-түлік жинағы табыс етілді. Айжан Наимбекованың сөзінше, «Грамад» сауда орталығының атынан айдың аяғына дейін Асар-2 елдімекеніндегі 50 жанұяға да дәл осындай жинақ тарту етілмек. Сондай-ақ кәсіпкер мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
Гүлдана Дәурен