Наурыз мерекесіне орай халыққа 2200 шыны «Шымкент шәйі» таратылды

161

Шымкент қаласында Наурыз думанға арналған іс-шаралардың тоғызыншы күні өтті. Тағамдар жәрмеңкесінде 40-қа жуық мейрамхана түрлі тәтті-дәмді ұсынып, өзара бақ сынасты. Сондай-ақ қатысушылар есебінен келуші қонақтар арасында сайыстар өтіп, сертификаттар сыйға берілді. Ал ең бастысы мерекеге орай келушілерге 2200 кесе «Шымкент шайы» таратылды.

Шымкентте шуақты Наурыз мерекесін думандатып тойлау жалғасып жатыр. Мерекелік іс-шараның тоғызыншы күні тағамдар фестиваліне арналды. Мерекелік шара Әл Фараби алаңында өтті. Мұнда наурыз көже, тандыр самса, палау секілді тәтті-дәмдінің түр-түрі дайындаудан кіл мықтылар бақ сынады.

40 -қа жуық мейрамхананың қатысуымен өткен жәрмеңкеде аспаздар 6 түрлі номинация бойынша сынға түсіп жатыр. Ал жүлде қоры 4 млн. теңге.

Айгүл Мүкей, әділқазылар мүшесі: «Біз енді ғана алғашқы тағамдардың дәмін көріп жатырмыз. Қазірден бастап қиынға соғып жатыр. Себебі бір номинацияға кем дегенде 10-15 қатысушыдан бар. Біз бір күнде 100-ге жуық тағамның дәмін татып көріп, әділ бағалауымыз керек. Қатысушылар дәмдерді креативпен өте ерекше етіп ұсынуда. Бірінші ұснылған тағам түрі – наурыз көже. Оны ішіп көрсең тілегің орындалады деп айтты, сол себепті мен 15 түрлі көже ішіп көруге қарсы емеспін».

Алаңда тек жәрмеңке ғана емес, тұрғындар мен қонақтардың көңілін көтеруге арналған мерекелік концерт те өтіп жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов те фестивальде ұлттық тағамдардың дәмін көріп, халыққа ақ тілегін жолдады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Шырайлы Шымкент қаламыз әрі қарай дами берсін, жарқырай берсін, шырайлы болсын! Ең бастысы бұл қала тұрғындарына ұнаса, біздің көңілден шығады. Биыл бірінші рет бастап отырмыз. Болашақта ұсыныстар болса, әрқашанда күтеміз».

Биыл алғаш рет өткізіліп отырған жәрмеңкеде тұрғындарға Шымкент шайы таратылды. Сондай-ақ келуші қонақтар арасында түрлі сайыс өтіп, сертификаттар сыйға берілді.

Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «6 номинация бойынша 7 адамнан тұратын жюри анықтайды. Оларға арнайы киіз үй тіктік. Оның ішінде бірнеше атақты шеф-аспаз бар. Бүгін болатын номинациялардың нәтижесі кешкі сағат 17:00-де белгілі болады. Жүргізушілеріміз ресторан, қонақ үйлердің атынан100-ге жуық әртүрлі сертификаттарды ойнатады. Әр түрлі сұрақтар дайындалған,жауап берген адам сыйлықты жеңіп алады».

Келген қонақтардың ішінде шетелдік туристер де бар. Үндістаннан келген Анти жанұясы қазақ мәдениетімен танысып, салт-дәстүрдің ерекше ұнағанын айтады.

«Мейрам өте керемет өтіп жатыр. Бізге қазақ халқының салт-дәстүрі өте қатты ұнады. Жан-жағыңа қарасаң барлығы әдемі. Шымкенттің халқы да бізді ерекше ықыласпен қарсы алды. Мұндағы адамдар өте қонақжай екен. Ал мұндағы тағамдарды ерекше атап өтпесек болмас. Барлығы дәмді, әсіресе наурыз көже ұнады. Наурыз мейрамына келгенімізге мүлде өкінбейміз», – дейді үндістандық қонақ.

«Наурыз мерекесі құтты болсын! Әр уақытта осындай жақсылық болсын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болып, ойнап-күліп жүре берейік! Жылдан-жылға осындай наурызға жете берейік!», дейді қала тұрғындары.

Тұрғындардың көңіл-күйі ерекше! Жиналған халық өздері ән айтып, би билеп мерекелік атмосфера туғызуда.

Ал дәл осы уақытта қаланың келесі бөлігінде Наурыз мерекесіне орай 30 метрлік қазы дайындалды. Шымкентте Жасалған ұлттық тағам түрі қаладағы мешіттерге, әлеуметтік орталық пен аз қамтылған отбасыларға таратылды.

Мейрам мұнымен бітпейді, «Дәмдәстүр» фестивалі ертең де жалғасын таппақ. Ал қала түрғындарын Шымшаһардың бірнеше бөлігінде түрлі іс-шаралар мен гала концерт күтеді.

Гүлдана Дәурен