Úı ANONS Мерекедегі мейірім: Жалғызбасты анаға үй берілді

Мерекедегі мейірім: Жалғызбасты анаға үй берілді

Наурыз мерекесінде Түркістан қаласында көпке үлгі боларлық игі іс жасалды. Бір топ азамат қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, жалғызбасты анаға баспана тарту етті. Қуанышқа толы сәт туралы толығырақ әріптесім тарқатып айтады.

Ұлыстың ұлы күнінде түркістандық бір топ азамат жалғызбасты анаға баспана сыйлады. Жақында ғана асыраушысынан айырылған Лаззат Сейітова қазір 3 баланы тәрбиелеп отыр. Жаңа қоныс иесі ел азаматтарына ризашылығын білдірді.

ЛӘЗЗАТ СЕЙІТОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Осылай қуантып жатсаңыздар, сіздерді Алла мың еселеп қуантсын. Алланың нұры жаусын»

Қайырымдылық шарасын Түркістан қаласындағы Отырар мөлтек ауданында тұратын 1988 жылы туған азаматтар ұйымдастырған. Олар Наурыз мерекесін игі іспен бастап, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді азаматтық парызымыз дейді. Жаңа баспананың кілтін алған отбасының қуанышына ауыл ақсақалдары мен тұрғындар да ортақтасты. Ал Лаззат Сейітованың анасы ауыл жастарына алғысын жаудырды.

«Өсіңдер өніңдер айналайындар».

Мұндай игі бастама Түркістан қаласындағы Отырар мөлтек ауданында алғаш рет қолға алынып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, баспана беру үшін бірнеше мұқтаж отбасы іріктелген. Соның ішінде тағдыр тауқыметін тартқан жалғызбасты анаға басымдық беріліпті. Ал ауыл ақсақалдары бұл игі істі ата-бабадан жалғасқан қайырымдылық пен бауырмалдық дәстүрінің жалғасы деп бағалайды.

«Бүгінгі іс-шара жақсы өтіп жатыр. Бұл ата- баба тәстүрі. Кейінгі ұрпаққа үлгі болады».

«Бұл адамның да адамының қолынан келеді, екінің қолынан келе беретін іс емес».

Жалпы, соңғы жылдары Түркістан қаласында қайырымдылық шаралары жиілеп келеді. Бұған дейін де жастардың қолдауымен 20-дан аса отбасы баспаналы болған. Ал бұл игі бастаманы ұйымдастырған азаматтар эстафетаны келесі жылы Наурыз мерекесін өткізетін жігіттерге табыстады. Яғни сауапты іс жыл сайын жалғасын таппақ.

Әсел Мәлік