Жүрегін сыйға тартқан жанға алғыс айтты

186

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өзінің әлеуметтік парақшасында жүрек тебірентерлік жазба қалдырды. Оқып көріңіздер…

«Қымбатты достар, бүгін Қазақстанда Алғыс айту күні аталып өтуде. Біздің халқымыз үшін бұл құрмет, түсіністік, өзара көмек секілді жақсы көріністердің ерекше мерекесі.
Өздерінің күнделікті еңбектерімен адамдардың өмірін сақтап, пандемияның ауыртпалығын өз мойнына алған медицина қызметкерлері, дәрігерлер, медбикелер жеке алғысқа лайық.
Көктемнің осы алғашқы күнінде біздің қоғамдағы ең басты құндылықтар – ұлттың руханилығы мен денсаулығын сақтайтын бір-бірімізге, ең жақын адамдарға, ата-аналарымызға, ата-әжелерімізге, дәрігерлер мен мұғалімдерге алғысымызды білдіреміз.
Біздің пациенттеріміздің әңгімелерінің бірін мысалға келтіргім келеді, ол дәрігерлердің шеберлігі мен донорлық жүрегінің арқасында екінші өмірге ие болды.
ШЫН ЖҮРЕКТЕН АЛҒЫС
Индираның медициналық тарихы 2013 жылы басталды, сол кездері оған кеңейтілген кардиомиопатия диагнозы қойылды. Бұл жүрек бұлшықеттері қанның жеткілікті мөлшерін сорып алу қабілетін жоғалтып, нәтижесінде ауыр жүрек жеткіліксіздігі пайда болатын сырқат. Әдетте, мұндай ауруда пациенттердің орта есеппен 4-7 жыл өмір сүріп, кенеттен өлу қаупі бар.
Осы диагнозбен Индира 2018 жылдың желтоқсанына дейін дәрі-дәрмектердің көмегімен өмір сүрді. Сол кезде донорлық органды трансплантациялау сәтіне дейін Қазақстанда алғаш рет оған жүрек қызметін қолдауға арналған жасанды жүрек – Джарвик аппаратын имплантациялау туралы шешім қабылданды. Шын мәнінде, бұл ағзаға қан соруға көмектесетін сорғы түріндегі механикалық құрылғы.
Ол донорлық органды 4 жылдай ұзақ уақыт күтті. Осы уақыт ішінде Ұлттық кардиохирургиялық орталықтың қабырғасында толыққанды бақылау мен ем алатындықтан Индира отбасымен бірге Астанаға көшу туралы шешім қабылдады.
Индираның айтуынша, тек кардиохирургтардың жоғары біліктілігінің, олардың білімінің арқасында ғана аман қалды.
2022 жылдың 13 қаңтарында Индира кардиохирургия орталығында жүрек трансплантациясын жасады. Ол донордың кім екенін білмейтінін, бірақ естуі бойынша жігіт екенін айтты.
«Бүгін 1 наурыз – Алғыс айту күні менің өмірімді сақтап қалған дәрігерлерге, медбикелерге шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Ең алдымен, Алла Тағаланың арқасында, ал екіншісі – медицина қызметкерлерінің керемет күш-жігерінің арқасында үйге оралып, балаларымды көре алдым. Күту парағында тұрған және өз мүмкіндіктерін күтіп отырған науқастарға жаңа өмір беру үшін ағзаларды сыйға тартуға келіскендерге шексіз алғыс айтамын», – деді Индира әңгіме барысында.
Донорлық жүректі трансплантациялау операциясы сәтті аяқталды. Жақында Индира үйге шығарылды. Енді ол жаңа жүрекпен бақытты өмір сүруге дайын.
Көптеген сынақтар артта қалды, алдағы уақытқа оған тек мықты денсаулық, күш пен қуат тілейміз.
Жаңа жүрегі еш кедергісіз ұзақ соқсын, ал, дәрігерлер, кардиохиругтар мен трансплантологтар осындай мыңдаған ризашылық білдіретін науқастарға ие болсын», делінген жазбада.