Өмір жолымда талай сатқындықты көрдім. Достың, ұжымдасыңның, ауылдасыңның сатқындығы… Талайы өтті ғой бастан. Бәрінен де жаныңа бататыны жан досыңның сатқындығы екен. Талай жылдар бойы бүкіл жан сырыңды ақтарып, барыңды бөліскен адам бір ақ күнде сатып кетсе… Айтуға да қиын. Сол оқиға дәл бүгінгідей көз алдымда. Бәрін басынан бастайыншы…
Жан досымның үйіне жарты сағат бұрын келдім. Бүгін әңгіме дүкен құрып, беймарал отырмаққа келіскен едік. Есік ашық тұр екен. Өзімсінген адамым ғой, ескі тақылдатуды қажет деп таппадым. Ұзын дәліздің далаға қараған терезесі жоқ болғандықтан әрдайым күңгірттеніп тұратын. Төргі бөлмеден сыбыр, күбірге ұқсас дауыс естілді. Біреу тұншыға күлгендей болды. Таныс дауыс. Тіпті таныс иісті де сезінгендей болдым. Төргі бөлменің табалдырығын аттағанымда тұрған орнымда қаттым да қалдым. Менің 20 жыл отасқан күйеуім мен қырық жыл сырласым болған жан құрбым екеуі құшақтасып отырды. Менің аяқ астынан келіп қалуым олардың да төбесінен жай түсіргендей болды-ау. Бірақ… бірақ… Құрбым Жаңыл екеуміз кездесеміз деп келіспеп пе едік. Бәрі де алдын ала ұйымдастырылғандай көрінді.
«Жаңылллл…» дедім даусым дірілдеп. Екеуі де жалт қарады. Күйеуді қойшы еркек заты емес пе, басқа басқа бәрінен бұрын жан досым Жаңыл маған сатқындық жасамауы қажеттей көрінген. Күйеуім боп-боз болып кетті. Жаңыл орнынан ұшып тұрып, айтар сөздерін жұптай бастады. Ішкі жан дүнием қопарылып кеткендей болды. Жарылыс болып жатқандай. Аяқ қолым дірілдеп кетті, өз – өзіме әзер келіп, шығар есікке беттедім. «Тоқта, тоқта … деймін саған». Күйеуімнің үйдегі бұйрық райдағы дауысы мені тоқтата алмады. Енді мен үшін бұл жоқ дауыс еді. Жоқ адам еді…
Көлікке келіп отырғанымда ғана көзіме ащы жас келді. Ішімдегі бүкіл ашу, ыза кек бойымды кернеп бара жатқан еді. Дәл қазір көлік жүргізетін халде емес едім. Артқы орындыққа отырып, өкіре жыладым. Ішімдегі осы уақытқа дейін толып қалған бар уайым, қайғым сыртқа ағыл тегіл төгіліп жатты. Ызадан жарылардай болып, ащы шыққан дауысымды ешкім де естімеді. Менің жылдар бойы жиналып қалған ішкі дауысымды ешкім естімегеніндей қазір де менің бар дауысыммен бақырған ащы зарымды ешкім естімеді. Тас қаланың тасмеңіреу, тасмейір адамдары арлы берлі өтіп жатты. Зырылдаған көлік менің дауысымды көміп жатты. Тұйыққа тірелгендей болдым. Бұл тұйықтан шығар жолды және көрмедім. Түнім ұйқысыз өтті. Телефонымды сөндіріп тастағам. Ешкімді көргім де келмеді, ешкімді естігім де келмеді.
«Бәрі де сен ойлағандай емес…» деп жазды күйеуім.
«Өтінемін сөйлесейікші…». Жаңыл жазды.
Бұрын сондай ыстық, сондай жақын адамдарым дәл қазір маған жатбауыр.
Олар менің бетіме қалай қарайды деп емес, солардың істерін дәп мен істегендей ашынайын. Мені ұят қысты. Сондай сатқын, сондай оңбаған адамдарды қалайша жаныма жақындатқанмын? Мені азаптағаны осы сұрақ еді…
Күйіуім таң ата келді. Енді маған бәрібір еді. Келді ме, кетті ме? Бір сәтте-ақ суып кеткенім өзіме де тосын еді.
«Сен мені кінәлама. Бұл жәй ғана алдамшы сезім…» деп бастап келе жатыр еді, ортасынан бөліп жіберіп, «қашаннан бері» дедім көзіне тіке қарап. Ол көзін тайдырып әкетті. «Бір жыл..» деді күмілжіп. Тағы да ақталмаққа ұмтылып еді, «Біз сөйлесетін ештеңе де қалған жоқ» дедім. Жатын бөлмеден үлкен чемоданды шығарып, «аз ғана уақытың бар» дедім. Менің қайтпас қайсар мінезімді білетін ол тез тез жинала бастады. Оның бұл әрекеті маған осы сәтті өмір бойы күткендей көрініп кетті.
Маған демалыс керек деп шештім. Мектеп директорына кіріп, ақысыз демалыс сұрадым. Сұрқай тартқан өңіме қарап әріптестерім таңырқағанымен ешкім ештеңе сұрамады. Үйде отырсам жарылып кетермін дедім де өзім өмір бойы армандаған теңіздің жағасына тартып отырдым. Күн күйдірген қала, таза ауа, салқын самал, теңіздің шуылы, шағалалардың шаңқылы… Бәрі бәрі де мені тыныштандыру үшін жаралғандай көрініп кетті. Барынша ештеңе ойламауға, ештеңені еске алмауға тырыстым. Қанша ұмыттым дегенмен де, бәрібір жүрек түкпірімде бұл сатқындықтың ұмытылмай қалып кететіні жанымды жауратты….
Күздің салқыны сезіле басталғанда өзіме сондай ыстық, сондай қатыгезденген қалама қайта оралдым. Алтын жапырақтар айналаны күміс түске бояп, көмкергенде біз екіге айырылдық. Басқа жолды көрген жоқпын. Өз өзімді алдап, сырттай күліп, іштей жылап жүруге енді шамам келмейтінін терең түйсінген едім. Күйеуім ешқандай артық сөзге бармай ажырасуға тез келісімін берді. Оның бұл қылығы мені таңқалдырған жоқ.
Телефондағы екеуінің де нөмірін өшіріп тастадым. Бірақ бәрібір Жаңыл маған өкінішін жеткізудің жолын тапты. Сыныпқа кіріп, сабақты бастайын деп жатқанымда үстел үстіндегі хатқа көзім түсті. Содан екенін бірден сездім. «Мені кешір, мен әрдайым сенің бақытыңды қызғанатын едім. Күйеуің маған бақыттың мекеніндей елестейтін. Еркек емес пе кетәрі демеді. Бірақ сенен тартып алған бақытым маған баянды болмады. Ол кеше кетті. Кешір мені…» депті. Жыртып — жыртып қоқысқа лақтырдым. Жыртылған қағазбен жүрегім де тілім тілім болып жыртылып бара жатқандай көрінді…
Кешкісін кофеханада сыртқа қарап отырып, осы уақытқа дейін жүріп өткен жолымды таразыға тарттым. Жаңбыр тамшылары әйнекті сүйіп, төмен сорғалап барады. Менің де жаралы жаным дәл осылай жылап тұрғандай… Өмірге сатқындықпен нүкте қойылмайтын шығар…
Алдағы күннен күтер үмітім көп. Психологиялқ кітаптарға құмарлығым артқан. Менің өмірімде орын алып жатқан оқиғалардың біразының жауабын осы кітаптардан тапқандаймын. «Сатқындық та сыйлық» деп жазып қойыпты. Сыйлық, ия сыйлық. Жаныңның бос тесіктерін бітеу үшін, қажет емес вирустардан арылту үшін. Кітаптың жаңа парағын аштым. Бұл жаңа тарау… Жаңа тарих… Менің дәуірімнің жаңа тарихы басталды…
А.Дәулет







