Úı ANONS «Жүрегіне пышақ сұғып алған»

«Жүрегіне пышақ сұғып алған»

Түркістан облысы Төле би ауданында, айдың күннің аманында бір отбасы қара жамылды. Бір ұлы жүрегіне сұғылған пышақ жарақатынан көз жұмған әулеттің екінші баласы саны мен ішінен жарақат алып, жан сақтау бөлімінде жатыр. Оқиға қалай болды? Жанжал неден туды?

Түркістан облысы Төле би ауданы Зағамбар ауылында тал түсте ағайынды екі жігіт пышаққа ілініп, бірі 19 жастағы Мағжан Бимұрза қайтыс болды. Қара жамылған отбасы әлі күнге ержетіп қалған сүт кенжесінен айырылып қалғанына сенер емес.

Жанжал 29 қазан күні көлік жуу орнында болған. Дау көрші ауылдың жігіті көлігіңді ал деп доқ көрсетіп, жұдырықтаудан басталған.

Сұлтан Бимұрза, жәбірленуші: «Мен автомойкада едім. Көлігімді жумақшы болдым. Екі баламен сөйлесіп тұрғам. Кезек күтіп тұрдым. Ол дөрекі сөйлеп кімді шақырсаң оны шақыр. 102-кі маған қызық емес деді. «Аға сабырмен сөйлесейші» дедім. Жоқ ол пәтуәсіз боқтап дөрекі сөйлеп секірді. Бірінші екі жағымнан ұрды, ұрады деп ойламадым».

Ойда-жоқта таяқ жеген 21 жастағы Сұлтан Бимұрза ағасын көмекке шақырған. Ағасы Асылжанмен бірге ілесіп інісі Мағжан да келген. Асылжанның айтуынша, бірінші көрші ауылдың жігітінің қолынан пышақ көргенде секем алып қалған.

Асылжан Бимұрза, марқұм Бағжан Оразгелдінің ағасы: «Сол сәтте Наурыз есімді баланың қолында пышақ көрем. Қорғану бағытында пышағына жабысамын. Пышағын ұстаған кезде Дәурен есімді жігіт ұстап қалады. Пышақты ұстаған қолымнан тебеді. Інім бара жатқан жерінен жүрегінен барып оң қолындағы пышақты сұғып алады. Оны көрген Сұлтан бара жатқан кезде Сұлтанға қарай жүгіріп, екеуі алысып атқан кезде Наурыз санына пышақ тығады. Мені Дәурен ұстап тұрады сол сәтте. Дәурен мені қылқындырып алады жібермей».

Асылжан Бимұрзаның сөзінше, пышақ сұққан көрші ауылдың жігіті мен оны ұстап қалған ауылдасы бір-бірімен дос. Оқиға қас-қағым сәтте болған. Мағжан мен Сұлтан жараланғанын көрген соң күдіктілер қашып, бой тасалаған. Өлім аузында жатқан Мағжан ағасына «құтқаршы, мені» деп соңғы сөзін айтыпты. Ағасы ес-түссіз жатқан інісі Мағжанды көлігіне салып, дәрігерлерге жеткізуге тырысқан. Ал Сұлтанға сол маңдағы ауылдастары көмектесіп, ауруханаға жеткізген.

Ержан Түзелбаев, Төлеби аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: «Операцияда іш майының пышақ тиіп жыртылғаны анықталды. Және ол жерде қанау белгілері бар. Іш майы тігіліп, қан тоқтатылды. Іш қуысы тазаланып, тринаж қойылып, операция аяқталды. Және оң жақ санының жоғарғы үштен бір бөлігінде тағы пышақталған жарақат анықталды. Тереңдігі 10-12 см тереңдікте. Беткейлік тамыр зақымданған. Байланып, қан тоқтатылды, операция аяқталды».

Ағасы Мағжанды аман алып қалу үшін барынша асыққанымен, ол ауруханаға жетпей жолда қайтыс болған.  Отбасында бес баланың кенжесі көктемде әскери борышын өтеп, туған ауылына оралған екен. Бір баласын жер қойнына тапсырып, екіншісі өлім аузынан қалып, жан сақтау бөлімінен жаңа шыққан отбасы әділ тергеуді талап етеді.

Әбдісамат Бимырзаев, марқұмның әкесі: «Әскерге өз еркімен, өз ықыласымен, ықтиярымен Жаркент қаласында, одан Тараз қаласында болып 25 сәуір күні Отан алдындағы борышын өтеп келіп еді. Аман-есен, дені сау, 12 мүшесі бүтін, әке әскерге кетіп қуанттым сізді, әскерден келіп қуанттым деп еді. Біреуге сыртынан жаман сөз айтып, әдепсіз сөз айтып, шешең деген сөзді қолданбайтын еді. Кенжетайым болған соң еркіндікте, еркелікте өсірген едім. Көше қаңғырып, түн қатып, айдалада жүру, ондай теріс қылықтары жоқ еді. Көз алдымда жүрген жерінде шаңқай түсте айырылдым да қалдым».

Облыстық полиция департаментінің дерегінше, оқиғаға қатысты «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ретінде екі адам ұсталып, қамауға алынған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.

Дилара Иса