Шымкентте кәріз жүйесі үлкен проблема

0

Қала әкімі Абай ауданының тұрғындарымен үшінші рет кездесті. Кезекті есеп беру жиынында аудан тұрғындарын мазалаған көптеген маңызды мәселе көтерілді. Атап айтсақ, кәріз жүйесі, ауыз су және жолдың жағдайы. Жиында Абай ауданына қарасты 11 елдімекенде жасалған жұмыстар мен алдағы жоспар баяндалды.

Абай ауданында қала әкімінің кезекті есебі өтті. Жиында Мұрат Әйтеновке тұрғындар қордаланған бірнеше мәселе туралы айтты. Самал-3 шағынауданының тұрғыны 3 жылдан бері жол мен сапалы жарық мәселесімен жауаптылардың алдына бірнеше рет барғанын айтады. Алайда, не аудан әкімдігінен, не қала әкімдігінен қайран болмай, тек құрғақ уәдемен кері қайтарады дейді.

Күлаш, Шымкент қаласының тұрғыны: «3 жылдан бері шешілмейтін түйін. Ешбір нәтиже жоқ. Бірінші жол және сапалы жарықпен қамтамасыз ету мәселесі. Үш жылдан бері кіргізіп береміз деп айтады, бір нәтиже жоқ. Соны бүгін тағы да көтерейін деп келіп тұрмын».

Мұрат Әйтенов жауаптыларға бұл сауалды тезірек шешуді тапсырды. Абай ауданындағы өзекті мәселелердің бірі – кәріз жүйесі. Тұрғындар бұл проблеманы да әкімге жеткізіп, шешім күтетінін айтты.

Ал бұл тұрғын әкімге жағдайының қиын екенін айтып, көмек сұрады. Нақтырақ айтсақ, жалдамалы баспана алған ол, үйге кірген сәттен бастап проблемалардың басталғанын айтады. Яғни, үйде жылу жоқ, судың сапасы сын көтермейді. Тиісті мекемелерге бірнеше рет арызданған, бірақ нәтиже жоқ.

Әкім жауаптылардан неге мұнша мәселе шешімін таппағанын сұрап, жауап талап етті. Енді аталған тұрғын үй бойынша арнайы комиссия құруды және проблемалық үй тұрғындарының мәселесін шешуді тапсырды.

Бұл кездесуде аудан әкім де аталған 11 елдімекенге қатысты есеп берді. Бұхарбай Пармановтың сөзіне сүйенсек, биыл Құрсай шағынауданы ауыз сумен, Нұршуақ, Батыс және Жаңаталап шағынаудандары сапалы электр жарығымен қамтылады.

Ал 8 елдімекенге табиғи газ жүргізіледі. Нәтижесінде, ағымдағы жылы Абай ауданы ауыз сумен толықтай қамтылады. Ал аудан аумағындағы инфрақұрылым жүйелерінің мәселесі 2023 жылдың соңында толық шешімін табады.

Гүлдана Дәурен