Шымкент көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалап жүрген Ұлттық ұланның әскери жасағына Еңбекші ауданындағы тұрғын үйлердің ауласында ойнап жүрген бес жасар қыздың жоғалып кеткендігі туралы хабар түсті.
Сол маңда қызмет етіп жүрген бірнеше әскери жасақ жоғалған баланың белгілері бойынша жедел іздестіруге кірісті.
Шамамен 40 минуттай уақыт өткенде, Рысқұлов көшесінің бойында жалғыз жүрген 4-5 жас шамасындағы қыз бала әскери наряд бастығы кіші сержант Исмаил Халджан бастаған ұландық сарбаздардың көзіне ілікті.
Бүлдіршіннің жасы, үстіндегі киімі мен қолында ұстаған заты сарбаздардар іздеген белгіге сай екен. Ол шынымен жоғалған қыз бала болып шықты. Сарбаздар сәбиді үйіне алып барып, анасына табыстады.
Сәбиімен аман-есен қауышқан анасы риза болып , ұландық сарбаздарға қайта-қайта алғысын айтты.
ҚР ҰҰ «Оңтүстік» ӨңҚ баспасөз қызметі