Түркістан облысында сібір жарасының ошағы анықталды

57

Түркістан облысында сібір жарасының ошағы анықталды. Онда ет кескеннен кейін 26 жастағы ер адам ауырып қалған. Оның туыстары үй карантиніне жабылды, қазір оларды дәрігерлер бақылауда. Сібір жарасы ер адамның жылқы досынан да анықталды. Ал оны демалыстан қайтып бара жатқан жолда, поездан түсіріп алған.

Түркістан облысында 26 жастағы азаматтан сібір жарасы анықталды. Оған 20 келі жылқы еті Тараз қаласынан жіберілген. Ер адам сол күні өзінің досымен бірге ет кесіп, кәуап дайындайды. Ал келесі күні отбасы ет асады. Алты күннен кейін азамат денсаулығы нашарлап, дәрігер көмегіне жүгінген.

Бақтыораз Елемесов, Түркістан облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
«Сол қолының төртінші саусағында пайда болды, қазір оның жағдайы қанағаттанарлық, инфекциялық ауруханада жатыр. Барлық байланысқан адамдар медициналық бақылауға алынуда»

Ер адамның туыстарында ауру белгілері жоқ. Бірақ, онымен бірге ет кесуге көмектескен досы ауырып қалған. Дегенмен, ол шипажайға демалуға кеткен. Ал ауру белгілері жолда пайда бола бастапты. Санитарлық дәрігерлер оны әйелімен бірге Көкшетауға бағытталған пойыздан түсіріп алған.

Айнагүл Мусина, Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

«Біз ақпаратты жедел түрде медициналық ұйымдарға бердік, олар науқасты инфекциялық стационарға алып кетті. Ол етпен тікелей байланыста болған. Және оның қолында жара бар. Демек, ет кесу кезінде ол теріге зақым келтіріп, жұқтырып алған».

Түркістан облысы-сібір жарасы ауруы бойынша ең қолайсыз өңір. Өткен жылы аймақта сібір жарасын 7 адам жұқтырып, барлығы аурудан айыққан. Мұнда мал асырайтын фермерлер, шаруа қожалықтары өте көп. Жануардың ауырып жатқанын немесе жара жұқтырғанын тексермей анықтау мүмкін емес. Дегенмен, сібір жарасы малды сойғанда немесе емдеу кезінде адамға жұғуы мүмкін. Ал адамнан адамға жұқпайды.

Сібір жарасы – аса қауіпті инфекция. Оның белгілері қарапайым суық тиюге және тіпті коронавирусқа ұқсас келеді. НАауқастың дене қызуы көтеріліп, басы мен белі ауырып, әлсірей бастайды. Жалғыз айырмашылық- терінің көрінісі, яғни денеде алдымен дақ пайда болады, ол ісініп, жарылған көпіршіктің орнында жара пайда болады. Ал уақыт өткен сайын қан қою түске боялады.

Қазақстанда көп жағдайда сібір жарасының емдеуге болатын «тері» түріндегі үлгісі анықталады. Ал септикалық, ішек және өкпе формалары өлімге әкеледі. Алайда, бұл жағдайда вакцинация арқылы қорғануға болады. Сібір жарасына қарсы вакцинаның адамдарға да, жануарға да арналған түрі бар. Ал оны салдырғаннан кейін ауруды жұқтыру мүмкін емес.
                                                                                          Гүлдана Дәурен