Түркістандық кәсіпкерлер «мал жүрмесін» деп жерді қазып тастаған

112

«Мал жүрмесін» деп жерді қазып тастаған. Түркістан облысының ірі жер иеленушілері жалға алған 41 мың гектардан астам жерді ойдым-ойдымға айналдырған. Салдарынан өрісте жүрген жылқы, қой мен сиырлар да шұңқырға түсіп, өліп жатыр. Өткен жылы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мұндай азаматтардың әрекетін қатаң сынға алып, қазылған жерді тез арада жабуды тапсырған еді.

Келес ауданында 20 шаруашылық 2350 гектар жерді қазып, қоршап алған. Шұңқырлардың биіктігі шамамаен бір жарым метрге дейін жетеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл орға жыл он екі ай мал түсіп, арам қатып жатыр екен.

Бердіқұл Мұрзатаев, Жаңа тіршілік ауылының тұрғыны: «Былтырдың өзінде бес-алты мал өлді. Ал енді адамның өзі шыға алмайды ғой көріп жатырсыздар. Ол халықтың жерін қоршап алып, құжат туралап алғандар, айналдырған 5-6 малмен күн көріп отырғандар осындай теперіш көріп отыр».

Анар Беглан, Жаңа тіршілік ауылының тұрғыны: «Мына жағымызды қоршап алған, мына жағымызды қоршап алған. Мысалы біздің ауылдың мың бастай малы бар да, қара мал мен жылқымыз бар. Соның бәрі 300 гектар жер шыға ма, шықпай ма білмейміз. Өзіміздің жайылым қайда екенін білмейміз».

Ал егістік алқапты жалға алған кәсіпкер жайылымға өтетін аумақты толық заңдастырып алғанын айтады. Тіпті ол үш ауылдың малына арнайы жол қалдырдым деп ақталды.

Махамбет Қожағұлов, өндірістік кооперативінің төрағасы: «Күз айларында облыстың инспекциясы келіп айыппұл салды. Айыппұлын төледік. Содан кейін қыс ауасы болды. Қазір көктемгі жағдайменен жабу жұмыстарын бастадық».

Ал аудандағы жерге жауапты мамандар жайылым мен егістіктердің айналасына ор қазып, қоршағандарға айыппұл салынғанын жеткізді. Алайда, бұл әрекеттері нәтиже бермей, қазылған жерді толық жапқызу мүмкін болмаған көрінеді.

Самат Тайрахунов, Келес аудандық жер қатынастары бөлім басшысының уақытша міндетін атқарушысы: «Айыппұл ЖК-сы бар азаматтарға 30 АЕК-дан төленді. ЖК-ы жоқ жеке тұлғаларға 10 АЕК-дан салынған. 16 жер иесі қазір қалпына келтірген толығымен. Бақылауда ұстап отырмыз».

Төрт түлікпен тіршілік ететін Келес ауданында жайылым тапшы. Мал басына шаққанда 996 мың гектар жер жетіспейді. Ал облыс бойынша 152 елдімекенде мал жаятын орын жоқ. Сондықтан тез арада жер қыртысын бүлдіргендер шұңқырды қайта қалыпқа келтіруі керек. Әйтпесе, жері мемлекетке қайтарылады дейді сала жауаптылары. Алайда, халық бұдан нәтиже шығатынына сенбей отыр.

Мөлдір Ибадуллаева