Шымкент қаласында алдағы Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда сайлау науқанын ұйымдастыруға қажетті барлық комиссиялардың құрамы жасақталып, ұйымдастыру шаралары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Күні кешке кешкі уақытта 7 партия бойынша қалалық сайлау штабтары ашылды.
Шымкент қаласында Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық аясында тіркелген жеті саяси партияның сайлауалды штабтары өз жұмысын бастады. Нақтырақ айтар болсақ, «Әділет» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Байтақ» жасылдар партиясы сондай-ақ, Қазақстанның Халық партиясы, «Ауыл» және «Ақ жол» демократиялық партиясы мен Respublica партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастады.
Қалалық сайлау орталығының мәліметіне сәйкес, үшінші мегаполис бойынша 710 мыңға жуық сайлаушы бар. Ал, сайлауды өткізуге қала бойынша 371 сайлау комиссиясы қатысады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 6 аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның біреуі – қалалық, бесеуі – аудандық комиссия. Сонымен қатар, 365 учаскелік сайлау комиссиясы сайлау процесін ұйымдастырады. Оның 24-і жабық сайлау учаскелері болып саналады. Олар емдеу мекемелерінде, тергеу изоляторларында, қарттар үйлерінде және әскери бөлімдерде орналасқан.
ҚАЙЫРБЕК ҚҰНАНБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «13 шілдеген дейін ұсыну болды. 7 партия қатысып жатыр. Одан кейін 23 шілде 18-00 ге дейін тіркеу жұмыстары аяқталды. Әр партияның 18-00 ден кейін үгіт насихат жұмыстары басталып кетті. Шымкент қаласы әкімдігі 57 орын берді. Үгіт басқа материалдар ілуге. Одан басқа 10 жерде әр партия кездесу өткізуге мүмкіндіктері бар».
Ел бойынша жалпы сайлау комиссияларының құрамында 2 мың 881 адам қызмет атқарады. Оның 42-сі аумақтық, ал 2 мың 839-ы учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері. Олардың басым бөлігі саяси партиялардың ұсынысымен жасақталған. Гендерлік құрамына келсек, комиссия мүшелерінің 37 пайызы – ер азаматтар, 63 пайызы – әйел азаматтар болып отыр. Ал, ҚР орталық сайлау комиссиясының жалпы отырысында әрбір саяси партияның атауы сайлау бюллетенінде дәл сол тәртіппен орналастырылатыны айтылды. Яғни, сайлаушылар дауыс беру кезінде бюллетеньнен партияларды жеребе нәтижесінде бекітілген реттік нөмірі бойынша көре алады.
МҰХТАР ЕРМАН, ОСК ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Орталық сайлау комиссиясының отырысында өткізілген жеребе тартудың қорытындысы бойынша, 2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс беру кезінде саяси партиялардың атаулары сайлау бюллетенінде мынадай ретпен орналасатын болады: 1. «Әділет» партиясы», 2. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы», 3. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, 4. «Қазақстан Халық партиясы», 5. «Ауыл» партиясы», 6. «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы», 7. «Respublica» партиясы». Жеребе тарту қорытындылары Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің тиісті хаттамасымен бекітіледі»
Осылайша, алдағы бір ай бойы 7 саяси партиядан ұсынылған 545 кандидат 145 депутаттық мандат үшін сайлаушылардың сеніміне ие болуға күш салады. Олардың қатарында 172 әйел мен 373 ер адам бар, ал әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үлесі 43,9 пайызды құрайды. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 22 тамыз күні сағат 00:00-де аяқталады. Одан кейін «тыныштық күні» өтіп, елде Құрылтай депутаттарын сайлау өтеді.
Нұргүл жолымбетова






