Түркістан қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызмет атқарып жүрген патрульдік полицейлер түнгі уақытта Жаңа қала шағынауданында күмәнді қозғалған «ВАЗ-2106» автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болуы мүмкін екені байқалып, ол медициналық куәландыруға жіберілді. Нәтижесінде 30 жастағы азаматтың көлікті мас күйде басқарғаны белгілі болды.
Алайда бұл оқиғаның ең маңызды тұсы кейін белгілі болды. Полицейлердің анықтауынша, аталған жүргізуші 2021 жылы дәл осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Соған қарамастан, жаза мерзімі аяқталмай тұрып қайтадан өрескел заң бұзған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Полицияның әрбір түнгі рейді — жай ғана тексеріс емес. Ол жолдағы қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған іс-шара. Себебі мас күйде рөлге отырған бір жүргізуші ондаған адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін.







