Úı ANONS Мүмкіндігі шектеулі жанның мүлкін сатып жіберген…

Мүмкіндігі шектеулі жанның мүлкін сатып жіберген…

фото egemen.kz
Шымкент қаласының тұрғыны (ІІ топтағы мүгедектігі бар) тұрғын үй мен жер учаскесіне, сондай-ақ пәтерге қатысты берілген сенімхаттар мен сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тануды талап етіп, сотқа жүгінді.
Талап қоюшы сенімхаттың қандай жағдайда берілгені және оған қашан қол қойғаны есінде жоқ екенін, ол өз мүлкіне билік етуге ешқандай ерік білдірмегенінін, сенімхат ресімделгенде және мәміле жасалған кезде өзі облыстық психикалық денсаулық орталығында стационарлық режимде ем қабылдағанын мәлімдеді.
 Жауапкерлер (екі нотариус және оған туыс боп келетін үш адам) оның психикалық жағдайын пайдаланып, құжаттарын ресімдегенін, содан кейін оған тиесілі барлық мүлкі, яғни жер учаскесі бар тұрғын үйі мен пәтері сатылып кеткенін атап көрсетті. Шымкент қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты істі қарау барысында жауапкерлер әйел адамнан сенімхаттарды алғаннан кейін оның атынан әрекет етіп, оған тиесілі жылжымайтын мүлкіне билік еткенін, соның салдарынан талап қоюшы тұрғын үйінен айырылып, туыстарының үйінде тұруға мәжбүр болғанын анықтады.
 Сот-психиатриялық сараптама қорытындысымен бұл әйел 2019 жылдан бастап психикалық ауруға – зияткерлік-мнестикалық функцияларының төмендеуімен сипатталатын органикалық этиологиядағы тұлғалық бұзылысқа шалдыққаны расталды.  Сенімхатқа қол қойған кезде ол өз әрекеттерінің мәнін түсінбеген және оларға басшылық жасай алмаған.
 Сарапшылардың қорытындылары медициналық құжаттардағы мәліметтерге, талап қоюшының психиатриялық стационарға бірнеше рет емдеуге жатқызылғаны туралы деректерге, клиникалық тексеру нәтижесінде диспансерлік есепте тұрғанына және оған денсаулық жағдайына байланысты мүгедектігі мерзімсіз белгіленгеніне негізделген.  Зерттеу нәтижесінде оның ойлау қабілеті, жады, эмоциялық тұрақтылығы және зияткерлік функцияларының айқын бұзылыстары анықталған.
 Сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, сенімхаттарды ресімдеу кезінде талап қоюшының ерік білдіруі саналы болмаған деген қорытындыға келді, сондықтан мәмілелер заңды деп есептелмейді. Сот тараптарды бастапқы қалпына келтіріп, сенімхаттарды да, сатып алу-сату шарттарын да жарамсыз деп таныды.  Осылайша, сотқа жүгінген әйел адамның мүліктік құқықтары қалпына келтірілді. Шешім заңды күшіне енді.