Түркістан облысында нөсер жауын салдары тұрғындарды әбігерге салды. Сарыағаш ауданындағы Дарбаза, Ердәуіт, Ақүй ауылын аяқ астынан қызыл су басып, көшелер өзенге айналды. Тұрғындардың айтуынша, су ауламен бірге кейбір үйлерге дейін кіріп, тұрмыстық заттарды бүлдірген. Ал көліктер су астында қалып, адамдар көмек күтуге мәжбүр болған. Дегенмен, төтенше жағдайлар қызметі тұрғын үйлердің ішіне су кірмегенін, зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады.
Кеше нөсер жауыннан Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылы мен Ердәуіт ауылын су басты. Тұрғындар жіберген видеоларға қарағанда, су көшелерден бөлек, үй аулалары мен ішіне кірген.
«Міне, үйіміздің бәрін су басып жатыр. Міне, мынау үйден шықан кездегі есіктің алды. Толық су басып кетті. Темір жолымыз, міне. Әне жерде тесікті жауып тастаған. Әкімдер анау қарап отыр. Тек қарап отыр. Біз үйдің бәрін шығарып, далбасалап жатырмыз. Бізге ешкім көмектесіп жатқан жоқ. Мына жақты су басты, үйім құлайын деп жатыр».
Тұрғындардың сөзінше, лай судың ағысы қатты болған. Кей үйлер лайдан соғылған, су сол қабырғаға жеткен. Кей жерлерде судың деңгейі 1 метрге дейін көтерілгенін байқауға болады. Ал сырттағы көліктер су астында қалып, ондағы адамдар көліктің төбесіне шығып, көмек күткен. Ауыл тұрғындары су әп-сәтте келгенін айтады.
«Көпір жақты су басып кетіпті. Кіре алмайсыздар ауылға. Машиналар тұр міне».
Дарбаза және Ердәуіт ауылын су басқанын облыстық төтенше жағдайлар департаменті растады. Департамент мәліметінше, оқиға кеше түстен кейін болған. Нөсер жауынның суы 3 көше мен 8 жеке тұрғын үйдің ауласына жайылған. Су деңгейі шамамен 40 сантиметрге дейін көтерілген.
«Тұрғын үйлердің ішіне су кірген жоқ. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жедел жұмылдырылды. Атап айтқанда, 8 қызметкер, 1 техника және 2 мотопомпа жұмыс істеуде. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органнан 11 адам мен 4 техника тартылған»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ
Аудан әкімдігінің мәліметінше, жауын суы Ақүй ауылына да жеткен. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында суды Қаратұқым қашыртқысы арқылы Сарыүйсін каналына бұрған. Ауылдарды судан тазарту таңға дейін жалғасқан. Оқиға басында аудан әкімі Арман Абдуллаев болған. Ал қазір тұрғындар бүлінген үйлері мен қора-қопсыларын тіркеп, келтірілген шығынды бағалау үшін әкімдік өкілдерін күтіп отырғандарын айтты. Ал әкімдік бұл үшін арнайы комиссия құрылғанын жеткізді.
Дилара Иса






