ҰОС ардагері майдандағы естеліктерімен бөлісті

202

«Отырар» телеарнасы жыл өткен сайын саны азайып бара жатқан батырларымыз туралы репортаждар сериясын бастайды. Өкінішке қарай, қазір Шымкент қаласында тек 7 Ұлы Отан соғысының ардагері қалды. Телеарнаның түсірілім тобы, батырлардың бірі Абылай Қозыбаевтың үйінде қонақта болып қайтты. Ол соғыс кезінде Германияға дейін жетіп, жеңіс күнімен Кенигсбергте қауышқандардың бірі.

Абылай Қозыбаев ондаған медаль иегері. «Қызыл Жұлдыз» орденін – Кенигсбергті басып алғаны үшін алған. 1943 жылы майданға кеткен кезде жасы небәрі 17-де болған. Абылай мен оның құрдастары ешқашан қолдарына қару ұстап көрмеген еді. Сондықтан, Ташкенттегі жас жауынгер курсынан өтіп, атыс алаңына баруға тура келген. Себебі ол уақытта жас сарбаздың басқа таңдауы болмаған еді.

Абылай Қозыбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері: «Жеңіс күні Кенигсбергке тамандадым. Соғысқа барғаныма өкінбеймін».

Ержүрек Абылай төртінші Украин, Үшінші Белорусь майдандарында соғысып, Латвия мен Литваны азат етуге қатысқан. Бірнеше рет жараланғанына қарамастан, жауға қаймықпай қарсы тұра білген. Ол фашистік басқыншылармен болған шайқастарда батылдық танытты. Бүгінгі таңда 97 жастағы Абылай ақсақал қарттықпен күресіп келеді.

Абылай Қозыбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері: «Қазір сау жерім жоқ менің, 12 мүшемнің бәрі ауырады».

Ардагер өзінің майдандас достары туралы ерекше мақтанышпен, толғаныспен айтады. Соғыста жауынгерлер бір-бірін жаудан қорғап, фашистерге қарсы қатар жүрді. Мұндай патриоттық сезім мен Отанға деген сүйіспеншілікті қазір тек армандауға болады.

Әңгімесін аяқтаған соң ақсақал түсірілім тобын шығарып салып, батасын берді. Майдан даласында оқ пен оттың арасында жүріп ел қорғаған батырдың бар тілегі – соғыс болмасын. Сонымен қатар, ардақты ақсақалдың, жолында қанша жан құрбан болған бостандық пен бейбітшілікті жас ұрпақ сақтап қалса деген тілегі бар.

Гүлдана Дәурен