«GRAMAD» сауда желісінің 16-шы нүктесі ашылды

0

Шымкентте «Грамад» сауда желісінің жаңа дүкені ашылды. 16-шы сауда нүктесі Қ. Қазиев көшесінде орналасқан. Жалпы құны 150 млн. теңге инвестиция тартылған дүкенде 40-тан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

«Грамад» сауда желісі жаңа дүкенмен толықты. 16-шы дүкен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында жұмыс істейді. Ал жобаға 150 млн. теңге инвестиция тартылған.

Гүлнұр Батырбекова Самал-1 шағынауданында 15 жылдан бері тұрады. Ол бүгін дүкенге Ораза Айт мерекесіне базарлық алуға келіпті. Сөзінше, бұған дейін азық-түлік алуға біраз жол жүріп әуреге түседі екен. Ол енді керек-жарағымызды үйге жақын жерден саудалайтын болдық деп қуанып отыр.

Гүлнұр Батырбекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ашылғанына өте қуаныштымын! біздің ауданға осындай үлкен дүкен керек еді. Бағалары да жақсы деп ойлаймын.  Мұндай адам көп болады деп ойлаған жоқпын. Сәттілік! Табыс тілеймін».

Жаңадан ашылған дүкенде 40-тан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Қазіргі уақытта бұл жерде 20 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Марат Мұңқожаев,»GraMad» супермаркеттер желісі №9 дүкен директоры: «Біздің желіде жалпы 16 дүкен бар. Дегенмен, мұнымен тоқтамаймыз. Біздің желі негізінен әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағытталған. Халыққа жақын болуға, сұранысын тыңдауға тырысамыз. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде жазылатын пікірлерді де үнемі бақылап отырамыз. Онда көбіне тұрғындар белгілі бір ауданға жақын маңда дүкенді ашса деген пікірлерін жазып жатады. Енді, мінекей бүгін Самал-1 шағынауданында ашып отырмыз».

Ал, «Грамад» сауда желісінің басшысы мұнымен тоқтап қалмай, дүкендер санын арттырып, тұрғындарға қызмет етуді жалғастыра береміз дейді.