Отырарлық мектеп түлктері ауылға ойын алаңдарын салып берді

122

Түркістан облысы, Отырар ауданы, Отырар ауылында балаларға және бұқаралық спортқа арналған ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Бұл игілікті істі Отырар ауылының 2012 жылы мектеп бітірген түлектері жүзеге асырды.
Бірнеше ай бойы салынған алаңды аудан әкімінің орынбасары Жансұлтан Сейітжанов пен ауыл ардагерлері ашып беріп, 10 жыл бұрын мектеп бітірген түлектерге ізгі тілектерін білдіріп, алғысын айтты.

— Игілікті істі абыроймен атқарып, туған жерге деген құрметтің жарқын үлгісін көрсеткен азаматтарға барша тұрғындар атынан алғыс айтамын, — деді аудан әкімінің орынбасары.

Ал түлектер мұндай істерді атқару, елге пайда тигізу әр адамның азаматтық парызы деп біледі.
— Әрине, қалтамыздан қаржы шығарып, сыныптастарымызды ұйымдастырып, ойын алаңшасын салу оңайға соқпады. Дегенмен ер жігіттің парызы — туған жеріне қызмет ету болғандықтан, ойға алған ісімізді жүзеге асыру үшін аянып қалмадық. Құдайға шүкір, бүгін төккен теріміз балалардың қуанышына айналып жатқанын көріп, еш қиындық көрмегендей көңіліміз көтерліп тұр. Осы орайда бастамамызға қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне, отырарлық аға-інілерімізге де алғыс айтамыз. Әр жылдары 10, 20, 30 жылдық мерейтойларын атап өтетін түлектер де осылай ауылымызға пайдасын тигізуді жалғастыра берсе, туған жеріміз түрлене бермек, — дейді 1995 жылы дүниеге келген сыныптастар.

Ойын алаңшасының ресми ашылуы мерекелік іс-шараға ұласып, түлектер ауыл-аймақ тұрғындарына арнап ас берді.