Қазақстан Өзбекстанға ет-сүт және балық өнімдерін экспорттауға ниетті. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін 113 отандық компания оған рұқсат алуды көздеп отыр. Тиісті құжаттар Өзбекстан тарапына жіберілген. Еліміз бауырлас көрші елмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі.
Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов өзбекстандық әріптесі Абдулла Ариповпен бейнеконференция режимінде өткен келіссөз барысында осылай деді.
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд. доллардан асқан. Қос тарап өзара саудадағы кедергілерді жойып, жаңа кедергілердің алдын алу қажеттілігіне назар аударды. Әлихан Смайылов Жамбыл облысында жол-көлік оқиғасы кезінде опат болған Өзбекстан азаматтарының туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Өз кезегінде Абдулла Арипов те зардап шеккендерге жедел көмек көрсетіп, қажетті қолдау көрсеткен қазақстандық әріптестеріне алғысын білдірді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: «Өзбекстан – біздің бауырлас көрші ел, досымыз әрі ұзақ мерзімді серіктесіміз. Президентіміз бұған аса зор көңіл бөледі. Басты мақсатымыз – екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру. Біздің елдер арасындағы өзара тауар айналымы аймақта ең тұрақты саналады. Былтыр сауда қатынасымыз 33 пайызға, биылғы 3 айда 27 пайызға өсті».
Шынар Оразова