Елімізде 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие беріле бастады. Аптаның басынан автосалондарға көлік таңдауға барғандар қатары көбейген.
Тәртіп бойынша көлік алушы онда электрондық кезекке тұрады. Кезегі келгенде ғана екінші деңгейлі банкке барып, несие алады. Белгілі болғандай аталған бағдарламаға 4 банк: «Халық банк», «Банк ЦентрКредит», «Форте банк» және «Еуразиялық банк» қатысады.
Алдағы уақытта банктер саны көбеюі мүмкін. Бұрынғы жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша төлем шотында көліктің VIN-кодының болуы талап етілмейтін. Енді VIN-код арқылы кезекке тұру талабы автонесиені тек салонда бар көліктерге ғана рәсімдеуге жол ашады.
Шынар Оразова