Қазақ журналистикасының қара нары мәңгілік мекеніне аттаныпты. Бүгін оңтүстік журналистикасының ардагері Байдулла Қонысбек 81 жастан асқан шағында дүниеден озды. Талай шәкірт тәрбиелеп, қанатын қатайтып, буынын бекітіп ақпарат аламанына қосқан ардагердің қазақ журлналистикасына қосқан үлесі мол.
Ол бұқаралық ақпарат құралдары саласында 40 жылдан астам еңбек етті. Қазақ баспасөзі ардегерлерінің беделінің биік болуы оның баулыған шәкірттерінің көптігімен өлшенсе керек. Бұл тұрғыдан алғанда мерейі үстем. Өйткені бүгінде журналистика саласында тер төгіп жүрген қаламы қарымды тілшілердің басым бөлігі Байекеңнің шәкірттері.
Байдулла Қонысбекұлы «Оңтүстік Қазақстан» газеті және облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінде басшылықта қаншама жыл еңбек етті. Күнгейде алғаш ашылған телеарнаның биік белестерді бағындыруына көп еңбек сіңірді.
Еткен еңбек еш кеткен жоқ. Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерең еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен төсбелгісімен марапатталған.
Тек журналистикамен ғана шектеліп қалмай қазақ әдебиетіне де қосқан үлесі қомақты. «Алуан-алуан жүрек бар», «Биік мұрат», «Бетпе-бет», «Ұрпаққа ұлағат» атты кітаптары жарық көріп, оқырман тарапынан жоғары бағасын алған.
Журналистика саласына көп еңбек сіңірген атпал азаматтың жарқын бейнесі біздің жадымызда мәңгі сақталады. Осыған орай отбасы, ағайын-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.
«Отырар» медиахолдингінің ұжымы