Сарыағаштық ару Әлем чемпионы атанды

0

Қазақстан қоржыны тағы бір алтын медальмен толықты. Сарыағаштық спортшы Аида Сарибаева, бокстан қыздар арасында әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Жеңістің биік тұғырынан көрінген ол, қазақ әнұранын Франция аспанында шарықтатты

Қазақ елінің көк туын Франция төрінде желбіреткен Аида Сарибаева, боксқа 12 жасында келген. Тынымсыз еңбек пен былғары қолғап шеберлігіне деген талпыныс аруға күш беріп, аз уақыттың ішінде чемпион атануға жетелеген. 75 келі салмақта сынға түскен ол бұған дейін Қазақстан мен Азия чемпионаттарында да алтыннан алқа тағынған еді.

Аида әлем шыңын бағындыруға аттанғанда ата-анасы елде тілеуін тілеп отырған. Олар бастапқыда бокс қыз баласына тән спорт емес деп, Аийданы спорттың бұл түріне бергісі келмегенмен, арудың таудай талабын жыға алмапты. Әкесі ауданнан шығып, есімін қазақ жеріне ғана емес әлемге әйгілі еткен қызын мақтан тұтады.

Шынашақтай қыздың әлем чемпионы атағын жеңіп алғанына барлық ауыл болып қуануда. Сондықтан, ел мақтанышын ағайын-туыс, ауылы бірге күтіп алды.

Әсел Мәлік