Шымкентте «Рухани жауһарлар» республикалық байқауы басталды

143

Шымкентте «Рухани жауһарлар» дәстүрлі ән мен терме орындаушыларының республикалық байқауы өтті. Жарысқа Қазақстанның барлық өңірінен 32 әнші-термешілер қатысуда. Алғаш рет ұйымдастырылған шараның мақсаты ел тарихынан сыр шерткен қазақ фольклорын бүгінгі буынға қайта жаңғырту, болашаққа аманат ету.

Шымкентте «Рухани жауһарлар» дәстүрлі ән және терме орындаушыларының республикалық байқауы басталды. Көптің ішінен іріктеліп жарысқа жолдама алған Салтанат Ерсұлтан, «терме айту өнері маған анамнан дарыған» дейді. Ол Шымкентке қобыз аспабымен орындайтын 6 терме дайындап алып келіпті.

Жастар арасында дәстүрлі өнердің дүлдүлдерін анықтайтын додаға Қазақстанның түпкір-түпкірінен 32 өнерпаз қатысып жатыр. Олар байқауға дәстүрлі ән мен терме жанрлары бойынша 2 бөлімде өнер көрсетеді. Орындаушылар шығармаларын орындау барысында мақам-саздың дұрыс таңдалуы, дауысының ырғағы мен аспапта орындау шеберлігіне қарай бағаланады.

Сайысқа қатысушылар қазақ даласының 5 дәстүрлі өнер мектебінің мақамында өнер көрсетеді. Термешілер мен әншілер 2 тур бойы өз өңірінің және оңтүстіктің мақамына салып бір-бір туынды орындайды.

Анаргүл Сулеева, Жоба авторы: «Жобаның идеясын құрып жатқанда менде мынадай ой болды. Ұмыт болып бар жатқан өзіміздің дәстүрлі ән-термелерімізді жаңғырту, оны насихаттау. Қазіргі өскелең ұрпаққа ИК, ЖИЗА сияқты емес, дәл осындай өзіміздің кереметтей қоңыр үнді домбыраның дауысын, терменің өзіндік мақамын, бізде Қаратау, Оңтүстік, Сыр өңірінің мақамы бар солардың бәрін кеңінен насихаттап, қайта тірілту».

Доданың дәстүрлі өнер туындыларын дәріптеуге қосар үлесі мол. Сондықтан да бұл байқау жалғасын тауып, басқа өңірлерде де ұйымдастырылса деген ұсыныстыр түсуде. Ал бәсекеде бағы жанған жеңіпазға, яғни бас жүлде иегеріне 1 млн. теңге көлемінде қаржылай сыйлық тапсырылады.

Әсел Мәлік