Шымкентте қала күніне орай ұйымдастырылған мерекелік кештер өз жалғасын табуда. “Шым қала” тарихи-мәдени кешенінде ұлттық салт дәртүрмен, тарихымызға құрылған концерт қойылды. Шаһардағы белгілі қол өнершілер өз туындыларын шара қонақтарына ұсынды.
Тарихымыздан сыр шертіп, салт-дәстүр туралы ақпар беретін қойылымдар, ұлттық киім киіп, көпшіліктің назарын аударған өнерпаздар, және көздің жауын аларлық қол өнер бұйымдары. Осының бәрі дәл бүгін ескі қалашыққа жан бітіріп, Шымкент халқы мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады.
Темірден түйін түйген 64 жастағы Абдулла Наурызбаев, араға 35 жыл салып, балтасын енді ғана қолына алыпты. Шебер ұзақ уақыт үзілістен кейін сүйікті ісіне ерекше сағынышпен кірісіп, бүгінгі көрмеге туындыларын ала келген. Ол жасаған бұйымдарды кешке келген қонақтар тамсана тамашалады. Ұста болашақта шәкірт тәрбиелеп, шеберханасын дамытқысы келетінін жеткізді.
Абдулла Наурызбаев, қолөнер шебері: “Бұл макеті Түркістанға музейдің ортасына диаметрі 1.80 м.жасап өткіздік. Енді мына заттарды жасап жатырмыз, көрмеге әкеліп қойып жатырмыз. Әлі бітпеген көбісі. Мынау композиция көбісі темір трубалардан жасалған, сондай композиция”.
Шымкенттік шеберлердің басын қосқан бұл шара қала күніне орай ұйымдастырылып отыр. Мамандардың айтуынша, үш сағаттық бағдарламаға құрылған кештің басты мақсаты, шаһар тарихын көпшілікке насихаттау. Сол үшін, келушілердің назарына қол өнер бұйымдарынан бөлек, тарихи көрініс пен этно -фольклорлық концерт ұсынылды. Сондай-ақ, қонақтар ұлттық тағамнан дәм татып, түңгі музейге отты шеру жасады.
Ұйымдастырушылар аталған ауқымды шараны тарихтан көрініс беретін орын -этноауылда өткізудің өзіндік мәні бар дейді. Сондай-ақ, олар аталған іс-шара апта соңына дейін жалғасатынын айтып, барша тұрғындарды тамашалауға шақырды.
Дамир Жүнісов, Шымкент қалалық Мәдениет басқарамасы басшысының орынбасары: “Шырайлы Шымқаланың Шәмші гүлзарында ертең Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне арналған үлкен гала концерт өтеді. Арғы күні бізде Әл-Фараби алаңында үлкен гала концерт пен осы ШЫМ Қаланың шымылдығын жауып, қорытындылайтын боламыз. Жалпы қала тұрғындарын осы іс -шараларға белсене ат салысуға, отбасымен бірге қонақтар мен кешті тамашалауа шақырамыз”.
Келген қонақтардың бірқатары концерттік бағдарламаны тамашалау үшін жиналса, енді біразы “Шым қала” тарихи -мәдени кешенін көруге арнайы келіпті. Жиналған көпшілік, ұлттық салт-дәстүрге құрылған кештен рухани әсер алғанын жеткізіп, пікірімен бөлісті.
Гүлмира Өмірзаққызы, Шымкент қаласының тұрғыны: “Мен қазір немерелеріммен қызммен бәрін ертіп келіп тұрмын, келсін көрсін. Біздің мынау қазір кіріп келе жатқаннан түйелерді көріп жатыр, сосын жолдың шетінде тұрған қазақтың ұлттық киімін киген қыз жігіттермен менің үлкен немерем ассалаумағалейкүм деп риза болып кірді қазір сенсеңіз. Оларға қызық”.
Қала күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс шаралар мұнымен аяқталған жоқ. Осы сынды ауқымды кештер Шымкенттіктерді апта соңына дейін қуантпақ.
Аида Қарсыбайқызы