Жедел жәрдем қызметкерлері арасында сайыс өтті

57

Бір жол-көлік оқиғасының өзінде 25 адам зардап шекті. Бұл әрине, сайыс үшін дайындалған қойылым. Десе де, жыл басынан бері Шымкенттің өзінде 103 қызметіне 1200-ден аса жол апатына шақырту келіп түскен. Бұл оқыс жағдайлардан жалпы саны 1400 адам жарақат алыпты.

Апатты жағдай кезінде ақ халаттылар көрсететін қызметтің сапасын арттыру мақсатында жедел жәрдем мамандарының арасында сайыс ұйымдастырылды. Шараға жауаптылардың айтуынша, медицина мамандарының біліктілігін шыңдап, кәсібилігін арттыруда мұндай сайыстардың септігі мол.

Гүлнар Құрманбекова, Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері:
«Бір шақыртуға біздің 7 бригада барды. Өйткені, ішінде ауыр науқастар көп болды. Екі қабат ана болды. Екі бала болды. Бұл біздің бір ғана шақыртуымыз. Ал күніне қаншама жағдай орын алады».

Жалпы қазіргі таңда 120 бригада жұмыс істейтін Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасына күніне 1900-2000 дай шақырту келіп түседі. Кейде қиын жағдайға тап болып, жедел жәрдем қызметіне жүгінгендер қатарында шыдамсыздық танытып жататындар кездеседі дейді, ақ халаттылар.

«Көз алдымызда науқас өзінен кеткен кезде алғашқы көмек, реанимация жасап, алғашқы көмегімізді көрсетіп, аман алып қалған күндеріміз болды. Бізде ЖКО, судорго кезінде жету уақыт 10 минут. Одан кейін 15 минут, 30 минут, 60 минут бар. Сондай кезде көбі шыдамсызданып келісн-келсін деп жатады»,-дейді фельдшер Жанар Шаназарова.

Айта кетейік, жедел жәрдем қызметкерлері арасындағы жарыс қыркүйек айында Шымкентте өтеді деп жоспарлануда. Бүгінгі сайыста бірінші орын алған 2 бекет, екінші орынға табан тіреген 6 бекет, жүлделі үшінші орынды қанжығалаған 7 бекет алдағы республикалық байқауда үшінші мегаполистің намысын қорғайды.

                                                                                             Мөлдір Ибадуллаева