Түркістан облысы Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев өз өтініші негізінде қызметінен босатылды. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің өкімімен Ордабасы ауданының әкімі болып Бадырақов Нұрбек Бақтыбайұлы тағайындалды.
Жаңа әкімді аудан активіне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев таныстырып, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді. Аудандағы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, әл-ауқатын көтерудегі ел саясатын жүзеге асырып, Мемлекет басшысы бекіткен тапсырмаларды сапалы орындауды жүктеді. Сонымен бірге аудан әкімі қызметін атқарған Бағлан Батыршаевқа жемісті жұмысы үшін алғысын білдірді.
Нұрбек Бақтыбайұлы 1988 жылғы 11 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі – жоғары. 2009 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Қазақстан халықтар достығы университетін тәмамдаған. Мамандықтары – су ресурстары және суды пайдалану; құқықтану.
Еңбек жолын 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасында статист болып бастаған. 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің жетекші маманы болды. 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының егін және су шаруашылығы бөлімінің басшысы, 2013-2015 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2016-2017 жылдар аралығында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ ЕТҰ қызметін талдау және дамыту департаментінде бас менеджер, ҚР Парламенті Мәжілісінде депутат көмекшісі, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы, Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы лауазымдарында жұмыс істеді. 2018 жылдан қазіргі уақытқа дейін Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып еңбек етіп келді.