Қала тұрғындары жаңадан құрылатын ауданға «Тұран» деген тарихи атауды таңдады. бұл атау қала тұрғындарымен, ардагерлер қауымымен, жастар өкілдерімен және Шымкент қалалық азаматтық альянсымен өткен қоғамдық тыңдауда келісілді, деп хабарлайды ОТЫРАР.
Қала тұрғындары да, қала аумағы да күннен күнге ұлғайып келе жатқан үшінші мегаполисте төрт аудан бар. Алдыңғы үш ауданға кейіннен Қаратау ауданы қосылған болатын. Бесінші ауданның құрылатыны маусым айының соңында қаланың бас жоспарын таныстыру кезінде белгілі болды.
Бесінші аудан Шымкенттің батыс бөлігінде орналасады. Қаланың солтүстік-батыс жағынан Жаңаталап шағынауданынан Үргінбай ата мен Жанкелді батыр көшелерінің қиылысынан басталады. Одан әрі Жанкелді көшесінің бойымен Бадам өзенінің арнасынан оңтүстік-шығыс бағытта Жаңаталап тұрғын алабын, «Игілік» тұрғын алабын, солтүстікке қарай Қорғасын-2 шағынауданын айналып өтіп, Шардара көшесінің қиылысына жетеді.
Бесінші ауданның аумағы 36,3 мың гектарды құрайды, 220,7 мың адам тұрады.
Бұл атауды таңдауда бүкіл қала тұрғындары дауыс берді десе де болады. Барлығы 10 шақты нұсқа ұсынылған болатын – бұл Бадам, Яссы, Жібек жолы, Мәртөбе. осыған орай қала тұрғындары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Осылайша, 63,5 пайызы «Тұран» атауына дауыс берді.
Енді келесі кезең қалалық ономастика бөлімінде – бесінші ауданның атауы сол жерде бекітіліп, одан кейін республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберіліп, онда түпкілікті шешім қабылданады.
Айтқандай Тұранның бүкіл әлем түркілері, атап айтқанда Қазақстанның оңтүстік тұрғындары үшін тарихи маңызы ерекше. Тарихи жазбалар мен ең сирек қолжазбаларда Оңтүстік Түркістан Түркі дәуірінің басы ретінде үлкен мағынада түркілер жерін білдіретін Тұран деп аталды.