400 мыңнан астам баланы мектепке дайындау үшін мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев мәлімдеді. Балалар жылында Оқу-ағарту министрлігі «Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында оқушыларға көрсетілетін материалдық көмек ережелеріне өзгерістер енгізді.
«Бұған дейін арнайы санаттағы балаларды мектепке дайындау үшін мемлекет есебінен бөлінетін қаражат мөлшері 17-40 мың теңге аралығында болатын. Енді ең төменгі көмек — 37 389 теңге болады. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен көмек көрсету тетігіне өзгерістер енгізілді. Енді ақша ата-аналардың шотына тікелей аударылады. Бұған дейін қажетті заттарды әкімдіктер сатып алатын.
Министрлік өкілінің мәліметінше, биыл атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсетіледі. Жаңа оқу жылы қарсаңында жетімдер үйінің тәрбиленушілері мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және төтенше жағдайға тап оқушыларға да материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді.
Шынар Оразова