Оқушыларға арналған 515 жаңа автобустың 101-і Түркістан облысына беріледі

36

Мектебі жоқ немесе бастауыш білім ордасы ғана бар ауылдардың балаларын жақын маңдағы білім беру ұйымдарына қауіпсіз тасымалдау үшін 515 жаңа автобус сатып алынады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев мәлімдеді.

Айтуынша, балалар жылы аясында қауіпсіздік талаптарына сай келетін 515 жаңа автобус сатып алу үшін республикалық бюджеттен ақша бөлінді. Ал оның 101-і Түркістан облысына жіберіледі. Жаңа автобустар қауіпсіздік белдіктерімен, мектеп сөмкесіне арналған сөрелермен, есіктері ашық кезде қозғалысты тежейтін механизммен және тағы да басқа қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған.

Комитет төрағасының орынбасары автобустарды сатып алуға бөлінген қаржыны игеру жергілікті әкімдіктердің құзыретінде екендігін айтады.