Түркістанда қоғам қайраткері, ақын Қазыбек Исаның 60 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті. «Сырымды айттым далаға» мерекелік кешіне келген қонақтар алдымен кітап көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, жиында Түркістан мақамдары негізінде жарық көрген «Текті сөздің төресі» атты термелер жинағының тұсауы кесілді. Шығармашылық кеште мерейтой иесіне арналған «Тәуелсіздік тарландары» деректі фильмінің көрсетілімі де өтті.
Түркістан қаласындағы Фараб кітапханасына Қазақстанның бірнеше қаласынан келген жұрт қос қуанышқа жиылды. Алғашқысы — қоғам қайраткері, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қазыбек Исаның 60 жас мерейтойы. Осыған орай, «Сырымды айттым далаға» атты шығармашылық кеш өтті. Кеш шымылдығын ашқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, мерейтой иесіне шапан жапты.
Шығармашылық кеште Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының әртістері Қазыбек Исаның өлеңдерін оқыды. Ал мерейтой иесінің әріптес достары, жиылған зиялы қауым өкілдері ақжарма тілектерін арнады.
Құлбек Ергөбек, профессор: «Иса Қазыбек – суреткер ақын. Дәл Қазыбек Исадай суретпен алымды-шалымды ойды, ұлттың тағдырын толғай жырлаған, поэзия екеуін егіз қатар ұштастырып, сәтімен жырлап келе жатқан ақын бізде сирек. Сондықтан бәрін былай қойып, бір ғана кеш Түркістанда өтіп жатқаннан кейін Түркістанға қатысты айтсам, Қазыбек Исаның ақындық палитрасы ашыла түседі. Қазыбек Иса болатын болса, қазақтың рухани қайнар бұлағынан күллі түркі халықтарының рухани астанасына айналып, түрленіп, түлеп келе жатқан сәтін әдемі берді деп ойлаймын. Қазыбек Исаның тақырыптары сан алуан. Ол Сыр бойының маужыраған табиғатын жырлаудан бастап, табиғатты тарихқа ұластырып, Түркістанның арғы-бергі тарихын мейілінше суреткерлікпен, ойшылдықпен өзара байланыстырып, өзара сабақтастырып, әдемі бәр поэтикалық образ жасаған».
Облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев те Түркістан өңірінен шыққан ақынның қоғамға сіңірген еңбегі мол екенін атап өтіп, мәжіліс депутатын мерейтойымен құттықтады.
Қайрат Балабиев, Түркістан облыстық мәслихат хатшысы: «Депутаттардың ішіндегі батылы, өжет азаматы, шындықты айтатын болып жатқан кемшіліктерді үкіметке, президентке жеткізе алатын бірден-бір азаматымыз – Қазыбек Иса. Сондықтан да жұртышылық ол кісіні сыйлайды, құрметтейді. Сол себепті де құттықтап, көптеген адам келіп жатыр. Ол кісінің ақындығы – бір төбе. Қазақта айтады ақын – халықтың тілі дейді. Ол өткір сөйлеп, халықтың мұң-мұқтажымен жүрген, халқым жақсы болса екен деп жүрген біздің азаматымыз».
Мерекелік жиында мерейтой иесіне арналған «Тәуелсіздік тарландары» деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Сонымен қатар, келген қонақтар шығармашылық кітап көрмесін тамашалады. Ал мерейтойға орай туған өлкеге арнайы келген Қазыбек Иса Түркістан мақамдары негізінде жарық көрген «Текті сөздің төресі» термелер жинағының тұсауын кесті.
Қазыбек Иса, ақын, қоғам қайраткері: «Рухани ордаға келгеніме қуаныштымын. Және өзімнің мерейлі жасымды туған өлкеден, туған облысымыздан бастағаныма қуаныштымын. Кеше Шардарада болдық, бүгін Түркістанға келіп отырмыз. Мына кітаптың аты да жақсы қойылған екен — «Текті сөздің төресі» деп. Құнды, рухани дүние туғызып отыр екенсіздер. Бұл Түркістанның рухани дүниесіне қосылатын асыл қазына деп ойлаймын».
Бұл жинаққа Түркістан өңірінен шыққан Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Қызыл жырау, Құлыншақ Кемелұлы, Құтпай Дүрбаев секілді ақындардың шығармашылығының нотаға түсірілген мақамдары енгізілген. Кітап интерактивті заманауи IT-технологияларға сүйенген медиаконтентпен сүйемелденеді. Ал жинаққа енгізілген термелерді QR-код арқылы тыңдауға болады.