«Гол емес, ел қазынасына қол салатын футболшыларға қаржы бөлуді тоқтату керек»

95

Нұрлан Нығматуллиннің төрағалығымен өткен мәжілістің жалпы отырысында бірқатар халық қалаулылары депутаттық сауал жолдады. Қазақ футболының ертеңіне алаңдаған Қазыбек Иса да ҚР вице Премьеріне, осы бағытта жұмсалған қаржы қалай игеріліп жатқандығына қатысты сұрақ қойды.

Ел қазынасы қазақ футболын дамытуға емес шетел футболшыларын байытуға жұмсалуда. Осылай деген халық қалаулысы Қазыбек Иса бұл спортты мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату керек екенін жеткізді. Айтуынша, Фифа рейтінгісінде Қазақстан 125 орында. Ал ТМД елдері бойынша футбол бюджеті ең төмен Қырғызстанның өзі 96 орынды иеленіп тұр.

Қазыбек Иса, «Ақ жол» партиясының депутаты: «Миллиардтаған ақша бөлініп жатыр, бірақ гол жоқ. Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ. Футболға халықтың қаржысын Франциядағыдай әлемге масқара болу үшін құйып отырмыз. Нәтижесіз футболға бөлінге 133 млрдқа кемінде 130 мектеп салуға болар еді. Сондықтан гол салмайтын, халықтың қазынасына қол салатын футболшыларға ақша бөлуді тоқтататын кез жетті».

«Ақ жол» партиясының депутаты ҚР вице -премьері Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында әлем чемпионатының іріктеуіндегі ойынды мысал етті. Айтуынша футбол тарихында бұрын соңды болмаған көрсеткіш елдің наразылығын тудырған. Айта кетейік, бұл чемпионатта Қазақстан командасы Франциядан 8:00 есебінен жеңілген еді.

Қазыбек Иса, «Ақ жол» партиясының депутаты: «Футбол федарациясының бас хатшысы біз бюджеттен қаржы алмаймыз. 200 млн. теңге ғана алдық деп жауап берді. Ал жеңілістің себебі жақсы футболшылардың тапшылығы дейді. Федарация бюджеттен көп қаржы алмаймыз дегенімен, млрдтарды осы федарацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы алуда. Соңғы үш жылдағы облыс әкімдіктерінің кәсіпқой клубтарға бөлген ақшасының өзі аз емес. 111,2 млрд».

Депутат мемлекет қаржысын жастарды қолдауға жұмсау қажет дейді. Яғни, спорттық мектептерді көбейтіп, тегін футбол алаңдарын салу керек екенін жеткізді. Сондай-ақ Қазыбек Иса еліміздің жас спортшылары мен ауыл таланттарына мүмкіндік беруді сұрады.

Мөлдір Ибадуллаева