«Аязды күні жол салып жатыр»: Ордабасы тұрғыны оның сапасына күдіктенеді

133

Түркістан облысында қыстың күні асфальт төселіп жатыр. Ордабасы ауданында жүргізіліп жатқан жол-құрылыс жұмысын жергілікті тұрғын видеоға түсіріп алған. Айтуынша, бұл бюджетті ысырап ету. Ал аудан әкімдігі бұған қалай жауап берді? Қақаған аязда төселген асфальт жолдың сапасы қандай болмақ?

Түркістан облысының Ордабасы ауданында қыстың көзі қырауда асфальт төселіп жатыр. Бұл көзбояушылық мемлекеттің қаржысын босқа ысырап ету деп шырылдайды мәселені көтеріп отырған жергілікті тұрғын.

«7-желтоқсан. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы Шұбарсу елді мекенінде кеше ғана қар түскен. Үстіне әдейі биттің қабығындай қылып істеп кетіп жатыр. Істедің ба істедің. Судың үстіне әшейін жамап, сонда мұның астына не төсеп жатыр бұлар?!»,-делінген бейнежазбада.

Видео авторының айтуынша, асфальт астына құйылған қоспа көзге көрінбейді. Ол жаңа төселген жолды аяғымен түртіп, қолымен де көтеріп көрсеткен. Сапалы жұмыс бұлай болмауы тиіс деген белсенді «жыл соңында бюджетті игерудің бір амалы ма?!» – деген ойын да жасырмаған. Жергілікті тұрғындар желтоқсан айында қарбалас қимылдап жатқандардың жұмысы көктемге дейін жарамай қалады ма деп қауіптенеді. Айтуларынша, бұл – Шұбарсу елді мекеніндегі орталық көшелердің бірі.

Ал Ордабасы ауданы әкім аппаратының баспасөз хатшысы жаңа төселіп жатқан жол автокөліктерге арналған тұрақ екенін айтты. Бұл -Дінмұхамед Қонаев көшесін абаттандыру жұмыстарының 2-кезең нысаны екен. Сөздерінше, құрылыс жұмыстарының барысында ешқандай талап бұзылып жатқан жоқ.

Ордабасы ауданы әкімі аппаратының баспасөз қызметі: “Исламқұлов мектебі алдына автокөліктерге арналған автотұраққа асфальт жабындысын төсеу жұмыстары техникалық талаптарға сәйкес жүргізілуде. Асфальт жабындысының астына жабысқақ материал себу жұмыстары арнайы техникамен жүргізілген. Сонымен қатар, асфальт материалының нысан басындағы температурасы 130-150 градус, талапқа сәйкес 120 градустан жоғары болса асфальт жабындысын төсеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілген”.

Айта кетейік, аталған құрылысқа мемлекет тарапынан 106 миллион теңге бөлінген.