Шымкентте жол жөндеу, негізгі магистральдарды қайта жаңғырту және балама бағыттар салу жұмыстары қарқын алды. Нәтижесінде қала бойынша жүздеген шақырым жол пайдалануға беріліп, тұрғындар игілігіне ұсынылды. Бұл жұмыстар жол инфрақұрылымын дамытуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, уақыт үнемдеуге және көлік жүйесін кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған.
Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын дамыту, көлік қозғалысын оңтайландыру және кептелістерді азайту мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары жаңа жолдар салу, ірі магистральдарды қайта жаңғырту және балама бағыттар қалыптастыру жобалары жүйелі түрде іске асырылып келеді.
Мәселен, қала аумағында жалпы ұзындығы 1 328,5 шақырым жол салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 2024 жылы — 269,5 шақырым, ал 2025 жылы — 1 059 шақырым жол ел игілігіне тапсырылды. Бұл – қаланың даму қарқынының артқанын көрсетеді, дейді мәслихат төрағасы. Оның айтуынша, айналма жолдардың салынуы көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Мына Шұбаркөл көшесін көрдіңіздер. Кез келген қаланың күретамыры кең болуы керек. Ол тиімді жұмыс істеуі тиіс. Бұл Қ.Қазиев көшесінің айналма жолы әрі қарай жалғасып, Қ.Төлеметов көшесіне қосылады. Алдағы уақытта бұл бағыт Шымситиге дейін жалғасады деп жоспарлап отырмыз».
Мемлекет басшысының өңірге жасаған жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес, А-2 айналма жолының негізгі бөліктері қайта жаңғыртылып, 6 және 8-кезеңдері пайдалануға берілді. Ірі жобалардың бірі — Д.Қонаев даңғылының екінші кезеңі. Ол Әйтеке би көшесінен В.Терешкова көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Жоба көлік қозғалысын оңтайландырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Аталған жол — төрт жолақты».
РОЛАН ИБРАГИМОВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Қаланың орталығын Ташкент–Алматы тас жолымен байланыстыратын Д.Қонаев даңғылының жалғасы 85 пайызға орындалып, биыл екінші кезеңі пайдалануға берілді. Ал толық аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Сонымен қатар, қаланың шығыс бөлігі мен орталығын байланыстыратын Момынов және Тіленшин көшелеріндегі екі ірі теміржол өткелінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл нысандар келесі жылы қолданысқа беріледі».
Аталған шаралар көлік ағынын бір бағытқа шоғырландырмай, қозғалысты бірнеше бағытқа бөлуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде жол жүктемесі азайып, кептеліс деңгейі төмендейді. Сонымен қатар, негізгі көшелерге түсетін салмақты азайту мақсатында айналма жолдар мен қосалқы бағыттар салу басты назарда.
ӨМІР ҚАЛЫБАЕВ, БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Биыл құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі таңда 90 пайызы аяқталды. Келесі жылы толық пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Шұбаркөл мен Қ.Қазиев көшелерінің қиылысында айналма жол салынды. Бұл жол Қ.Төлеметов көшесіне жалғасады. Маңыздылығы – Төлеметов пен Бәйдібек би даңғылдарына балама бағыт болуында. Бұған дейін Самал-3 шағын ауданында Ұ.Арғынбеков, Қ.Төлеметов көшелері, сондай-ақ Юсупов, Тамшыбұлақ, Ізенді және Шұбаркөл көшелері салынған. Мұның бәрі көлік қозғалысын оңтайландыруға бағытталған».
Айта кетейік, биыл ұзындығы 201 шақырымды құрайтын 323 көшеде орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Сондай-ақ шалғай және ішкі орам көшелеріндегі жол сапасын жақсарту мақсатында 820 шақырымға асфальт жабындысы төселді. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш толық орындалды.
Жалпы алғанда, жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстар көлік кептелісін азайтып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта да көлік жүйесін жетілдіруге бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, қала кеңістігі заманауи талаптарға сай дамытыла бермек.
Нұргүл Жолымбетова






