Úı ANONS Өрт кезінде жол жабық: Кім кінәлі?

Өрт кезінде жол жабық: Кім кінәлі?

Ауладағы бейберекет көлік өрт кезінде үлкен қауіп тудырады. Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, апатты жағдай орын алса, көпқабатты тұрғын үйлердің арасына кіру мүмкін емес. Сондықтан, әркез өрт сөндірушілер дайындық жұмыстарын пысықтап тұрады. Мәселен бұл жолы Нұрсәт тұрғын алабында болып, кейбір көлік иелеріне ескерту берді.

 

Сақтықта қорлық жоқ. Өрт сөндіру қызметінің мамандары арнайы техникалардың тұрғын үйлер арасына еркін кіріп-шығу мүмкіндігін тексерді. Алайда, бірқатар аулаларда ретсіз қойылған автокөліктер салдарынан өрт сөндіру көліктері кедергіге тап болып, уақыт жоғалтатыны анықталды. Бұл жұмыс күні орын алған жағдай. Ал, кешкі уақытта көлік тұрмақ аяқ алып жүре алмайтын жайттарға тап боламыз дейді тұрғындар. Сөздеріне сенсек, ескертулерге құлақ аспайтындар әлі де бар.

ЕҢЛІК ЖАҚСЫБЕКОВА, ҮЙ ТӨРАЙЫМЫ: «Мына жерде үш машина тұрады. Бұлар бұл жақтан кіре алмайды. Үйдің артынан кірген еді. Сосын екі жігіт кіріп шелекпен өшірген еді. Машина кіре алмай жатыр. Бірнәрсе жасайық деген. Су тасыған. Одан бөлек жетінші этаж жанды. Ол кезде кіре алмаған. Домкомдарға айқайлап, зорға дегенде өшірген».

ПЕРНЕШ СЕЙДАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Тротуармен басып, екі домның ортасын машинамен толтырып қояды. Жүру мүмкін емес. Лай болады. Өткенде өрт  болғанда өрт машина бара алмады. Шара қолдансаңыздар. Барлық адамға заң бірдей. Машина қоймасын».

Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар шынайы төтенше оқиға кезінде адам өміріне үлкен қауіп төндіреді. Себебі әрбір минуттың маңызы зор. Сондықтан тұрғындар, аулаларды көлікпен бітеп тастамау қажет. Және арнайы кіріп-шығу жолдарын бос ұстауы тиіс дейді.

ЖОЛДАС АХМЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: «Өрт болған кезде әр минут, әр секунд маңызды. Өртті тиімді сөндіру үшін біздің көліктер дұрыс оқиға орнына жетуі тиіс. Сондықтан, көліктерді дұрыстап қоюды сұраймыз. Бұл бұзушылық болып саналады. Егер бұзушылық болса, полиция қызметімен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі 597 бабына сәйкес әкімшілік шара қабылданады. Бізде көкпқабатты тұрғын үйлердің арасында осындай проблемалар көп тіркеледі. Бірақ барлығы деп айта алмаймын».

Құзырлы органдар мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін бақылауды күшейтіп, тұрғындардың жауапкершілігін арттыру қажет екенін айтады. Айта кетейік, жыл басынан бері, қала аумағында 76 өрт оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 34 -і тұрғын секторында орын алса, 3 апатты жағдай көпқабатты тұрғын үйде тіркелген. Жалпы тілсіз жаудың салдарынан 3 адам қаза тапты.

Нұргүл Жолымбетова