Ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу мәселелері талқыланды

59

 

 

Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және Денсаулық сақтау басқармасымен медициналық қызметкерлер арасында «Медициналық көмекпен байланысты инфекциялар және ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу» тақырыбында семинар өтті.

Семинарда медициналық ұйымдарда медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылауды жетілдіру мәселелері бойынша ДДҰ ұсынған жобалары талқыланды.

Семинар басталарда және аяқталар сәтте тестілеу сұрақтары таратылып, медицина қызметкерлерінің ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу аясындағы біліктіліктері тексерілді.

Медициналық қызмет көрсету барысында, ота жасау, әр түрлі инъекциялар жасау барысында пациенттер биоматериалмен байланыста болған кезде өздері немесе медициналық қызметкерлер немесе басқа науқастарға инфекция жұқтыру, басқаша айтқанда ауруханаішілік инфекция тудыру қаупі жоғары болады.

Осындай жағдайлардың алдын алу үшін медициналық ұйымдарда бір қатар қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн:

– инвазивті араласу және инъекция жасау кезінде бір реттік құралдарды, қолғап, бетперде пайдалану қажет;

– бір рет қолданатын қолғаптарды әр пациенттен кейін ауыстыру қажет;

– бір реттік медициналық құралдарды қолданған дұрыс немесе көп  қолданылатын медициналық құралдарды дұрыс дезинфекциялау қажет;

– биоматериалдарды арнайы контейнерлерде тасымалдау қажет.

Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің қол жуу ережесін сақтағаны аса маңызды.

ҚР ДСМ бұйрығына сәйкес, барлық медициналық ұйымда инфекциялық бақылау комиссиясы құрылған, тіркелген әрбір ауру осы комиссия отырысында талқыланады (ауру пайда болған себептер анықталады, сол себептер қайталанбау үшін іс-шаралар қабылданады).

 

 

 

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі