Онлайн несие рәсімдеп, алаяқтық жасаған жас жігіт анықталды

27

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, оның атынан белгісіз біреу онлайн несие алып, 80 мың теңгеден астам шығын келтірген. Бір айдан соң банктен несиеңізді төлеңіз деп хабар келгенде, жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрады.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында тәртіп сақшылары қажетті іс-шараларды жүргізді. Атқарылған тиянақты жұмыстың нәтижесінде, осы қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды.
Ол жұмыссыз, бұрын сотталған, Шардара ауданының тұрғыны болып шықты. Яғни күдікті ер адам көше бойында жатқан жәбірленушінің жеке куәлігін тауып алып, микро-қаржы ұйымынан 2 рет несие рәсімдеген.
Қазіргі таңда сезіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да осындай алаяқтық қылмысына қатысы бар-жоғы анықталуда.