Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министрі Шымкентке келді. Ибрагим Құлшымбаев жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, олардың мәселелерін тыңдады. Вице-министр елімізде орын алған жайттарға тоқталып, шымкенттік құтқарушылардың атқарған жұмысына өз бағасын берді.
ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі шымкенттік құтқарушылардың жұмысына оң бағасын берді. Ибрагим Құлшымбаевтың айтуынша қалада адам өлімі мен оқыс оқиғалар саны азайып, оң өзгеріс байқалған. Сонымен қатар, брифингте Шымкенттегі арнайы техниканың мүмкіндігі сөз болды.
Ибрагим Құлшымбаев, ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі: «Бүгінгі таңда Шымкенттегі төтенше жағдайлар департаменті 100% техникамен қамтамасыз етілген. Бұл жергілікті атқарушы органдардың атқарып жатқан шараларының жемісі. Бір жыл бұрын 30 дана арнайы техника сатып алынған болатын. Енді жаңа өрт сөндіру бекеті салынуда, сондықтан қосымша жабдықтар сатып алынады. Биыл жаңадан құрылған ауданның төтенше жағдайлар департаментіне республикалық бюджеттен 4 арнайы техника мен 1 қызметтік жедел автокөлік бөлінді».
Сонымен қатар, вице-министр Ибрагим Құлшымбаев Екібастұздағы жағдай Қазақстанның басқа қалаларында қайталанбауы үшін бірқатар жұмыс жасалатынын айтты. Оның айтуынша, қазір қалада Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел тобы жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта жылу тарифтерін көтеріп, түскен ақшаға жабдықтарды ауыстыру және жылу электр стансаларын салу жоспарланған.
Ибрагим Құлшымбаев, ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі: «Қазір Екібастұз қаласындағы барлық үйге жылу берілді. Тек бірнеше тұрғын үй секторы қалды. Бұл барлық өңірлерде де өзекті мәселе. Себебі магистральдық желілердің тозуы басқа жақта да байқалады. Өзге өңірлерде де мұндай оқыс оқиға қайталануы мүмкін. Сондықтан барлық жағдайды жіті қадағалауда ұстап отырмыз»
Брифингте Шымкенттегі төтенше жағдайлар туралы да сөз қозғалды. Жергілікті ТЖД мәліметінше, қалада табиғи және техногендік сипаттағы оқиғалар жиілеп, соның салдарынан 16 тұрғын қаза тапқан. Ал жылыту маусымында көмірқышқыл газынан улану, көпқабатты үйлерді өрт шалу фактісі көбейген. Құтқарушылар мұны жергілікті тұрғындардың салғырттығымен байланыстырады.
Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қаласы ТЖД бастығы: «Ендігі басты мақсатымыз – жылыту кезеңінде көмірқышқыл газымен улану мен өртті азайту. Ол үшін апта сайын жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары және «ҚазТрансГаз» компаниясымен бірлесіп тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Көмірқышқыл газымен уланудың негізгі себебі — газды дұрыс пайдаланбау. Биыл көміртегі тотығынан уланып қайтыс болған ешкім жоқ, бірақ зардап шеккендер бар»
Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр шымкенттік жергілікті халықпен кездесу өткізді. Ол тұрғындармен кездесу барысында көпқабатты тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі және жылу беру маусымындағы қайғылы жағдайларға байланысты азаматтардың көкейтесті сауалдарына жауап берді