Түркістан облысында 400-ден аса тұрғынның мәселесі шешімін табады

118

Түркістан облысы әкім апараты халықпен кездесулердің қорытындысын жасады. Тұрғындарды қабылдау шарасы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүргізілді. Облыс басшысы тұрғындарды жеке қабылдауы барысында 400-ге тарта тапсырма берген.

Түркістан облысы әкімдігінің халықпен кездесуінде 170-тен аса тұрғын арызын жеткізді. Оның ішінде 26-сы кездесу барысында шешілген. Қалған өтініш бүгінде кезең-кезеңімен шешімін табуда. Халық көтерген мәселесінің басым бөлігі инфрақұрылым жүйесіне байланысты.

Мадияр Алипов, Түркістан облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімі басшысы: “Ағымдағы жылы барлық аудан, қала тұрғындармен кездесу өтті. Онда тұрғындар сауалын жолдады. Қойылған сұрақтың 26-сы дәл сол мезетте тиісті түсіндірме берілді. Онда тұрғын үй, инфрақұрылым, жер мәселелері көтерілді”.

Ал әкімнің жеке қабылдауына 400-ге тарта өтініш келіп түскен. Тұрғындар шағымы бойынша жауапты мамандарға берілген тапсырманың басым бөлігі орындалды. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары атқарылған жұмыс барысымен таныстырды.

Рабиға Жексембаева,  Облыс әкімі аппараты басшысы орынбасары: “Аудан, қалаларда өткізілген жеке қабылдауларда тұрғындар тарапынан жер қатынастары 42 немесе 10,6%, тұрғын үй 39 немесе 9,8%, ауыл шаруашылығы 38 немесе 9,5%, білім беру 25 немесе 6,3%, инфрақұрылым мәселесі 24 немесе 6% жиі көтерілген”.

Облыс басшы әр аудандардағы кездесулерді саралай келе бірінші кезекте инфрақұрылымды дамыту керектігін айтты. Сонымен қатар мамандарға аймақтарға бармас бұрын арнайы жоспар құрып алуды тапсырды.

Дархан Сатыбалды,  Түркістан облысының әкімі: “Аудандар мен қалаларды аралау барысында тұрғындар түрлі мәселелерді көтерді. Бірінші кезекте сол өтініштер назарға алынып, жұмыс жүргізіледі. Дегенмен облыста инфрақұрылымды дамыту, құрылыс бойынша негізгі бағыттарды жүйелеп, сол жоспар бойынша жұмыс істеген жөн”.

Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес әкім аппараты әр жыл, әр тоқсан сайын аудандарды аралап халықпен кездесулер ұйымдастырып отырады. Соның нәтижесінде аймақ тұрғындарының әл-ауқаты сараланып, бірқатар өзекті мәселе шешілді.