Биыл Түркістанда 151 жоба іске қосылмақ

43

Биыл Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібіне басымдық берілмек. 2023 жылы аймақтарда тігін фабрикалары, жылыжайлар салынады деп күтілуде. Ол үшін арнайы жылдық жоспар түзілді. Ал мамандарға облыс басшысы жұмыс барысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Биыл Түркістан облысында 151 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Өндіріс саласын дамыту кезінде өңдеу технологиясына басымдық беріледі. Оның жалпы құны 230,4 млрд. теңгені құрамақ. Оған қоса 5 мыңға тарта жұмыс орнын ашу жоспарда бар.

Қанат Шонбасов, Облыстық инвестиция және экспорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Негізгі капиталға салынатын инвестициялардың нысаналы индикаторларына 2023 жылға 908,2 млрд. теңге жоспарланып отыр. Қазіргі таңда орындалу барысы 909,0 млрд теңгені құрады. Бұл біздің нақты жоспар»

Өткен жылы өңірде ауыл шаруашылығына тиесілі жалпы өнім көлемі 1 трлн. 36 млрд. теңгені құраған. Меже 100,7%-ға орындалды. Десе де 5 аудан күтілген нәтижеге қол жеткізе алмады. Осыны ескере отырып биыл жаңа жоспар бекітілді.

Қанат Қайыпбек, Түркістан облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы: «2023 жылға инфрақұрылым, құрылыс, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жоспар құрылды. Әкімнің алдыңғы отырыста ескерткен мәселелер басты назарға алынды»

Басқарма басшыларының баяндамасын тыңдаған облыс басшысы бірқатар ескертуі мен ұсынысын жеткізді.

Дархан Сатыболды, Түркістан облысының әкімі: «Даму жоспарын бақылауда ұстаңдар. 2022 жылы артта қалған аудандармен байланыста жұмыс істеу керек. Әр ауданның мүмкіндігіне сай жұмысты жоспарлау қажет. Инвестициялық штабтың жұмысын бастаңыздар»

Айта кетейік биыл Жетісай, Мақтаарал, Шардара және Сауран аудандарында тігін фабрикалары, Келес, Сарыағаш, Қазығұртта жылыжай шаруашылығы бойынша бірқатар кәсіпорындар ашылмақ.