Көлікте әйелін пышақтап өлтірген адам 11 жылға сотталды

83

Шымкентте әйелін өз көлігінде пышақтап өлтірген күдікті 11 жылға сотталды. Ол азаматтық некедегі жарын пышақтап қана қоймай, мәйітті көлікке салып алып бірнеше сағат жүрген. Дегенмен, тамыз айында қайтыс болған әйелдің жақындары сот үкімімен келіспей отыр.

Өткен жылдың тамыз айында көлік ішінде өз әйелін пышақтап өлтірген азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Оқиға былтыр түскі уақытта болған еді. 1 жыл бірге өмір сүрген ерлі-зайыпты заңды некеге тұрмаған, тек мешітте ғана неке қидырған. Сот залында айтылған дерекке сүйенсек, жұбайлардың арасында ұрыс-керіс жиілеген соң, екі тарап ажырасуға шешім қабылдапты. Алайда, марқұмның туыстарының айтуынша күйеуі әйелін сөйлесуге шақырып, көшеде өлтірген. Тергеу кезінде 50 жастағы ер адам «бәріне қызғаныш себеп болды» деген көрінеді.

Әбсаттар Шахидинов, судья: «Қызғаныш сезім салдарынан азаматтық некедегі әйелі болған Пирманованың мойнының оң жақ беткейінен, кеуде торының алдыңғы сол жақ және артқы оң жақ тұстарынан асханалық пышақпен бірнеше рет соққылар беріп, оған құқыққа қарсы, қасақана қаза келтірген. Қабылбаев Ермек Саркулович ҚК 99 бабының 1 бөлігінде қарастырылған құқықбұзушылық белгісімен кінәлі деп танылсын».

Сот шешімімен қылмыскер 11 жылға түрмеге қамалады. Дегенмен, қорлықпен көз жұмған әйелдің жақындары бұл үкіммен келіспей отыр. Сөздерінше, жаза – тым жұмсақ.

Назифа Қыстаубаева, марқұмның анасы: «Үкіммен келіспеймін. Қатаң жаза беру керек еді. Үйімде отырған қызды көшеде ұстап алып, 10 минуттың ішінде пышақтап отыр. 12:30- да қызымен сөйлеседі. 12:40-та мен жеңшелеріңді өлтіріп алдым дейді. Екі сағат машинаға салып алып, көшені қыдырып, әпкесінің үйіне апарады».

Бұрын бір рет некеде болған Раушан Пирманованың артында кәмелетке толмаған екі қызы қалды. Сот оның жақындарына моральдық шығын ретінде 10 млн теңге өтеуге шешім шығарды. Ал, жаза мерзіміне келіспеген отбасы аппеляциялық шағым береміз деп отыр

Гүлдана Дәурен