Шетелдік көлікті заңдастырып беруге уәде беріп, оңай олжа таппақ болған

Шетелдік көліктерді заңдастыру науқаны барысында оңай олжа таппақ болғандар да кездесіп жатыр. Түркістан облысында Армениялық көліктерді тіркеуден шығарып, мемлекеттік нөмірлі белгі алып беремін деген хабарландыру тарады. Әккі азамат өз қызметін 1 млн. 200 мың теңгеге бағалаған.

Егер, сол қаражатты берсеңіз, көлікті бір тәулікте тіркеуге қойып беремін деп уәде береді екен. Қазіргі таңда күдікті қолға түсті. Түркістандық жүргізушілердің қалтасын қақпақшы болған сезікті Қостанай облысының тұрғыны. Бүгінде тәртіп сақшылары оның қанша адамды алдап, ақшасын алғанын анықтап жатыр.

Ермек Шәкім, Түркістан облысы ПД жедел уәкілі: «Аталған күмәнді хабарландыруды бірден назарға алған полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Қостанай облысының тұрғыны болып шықты. Полиция қызметкерлері автокөлік жүргізушілерін қырағы болуға және осындай күмәнді ұсынатын интернеттегі хабарландыруларға сенбеуге шақырады».