Қазақстанда шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды

Елімізде 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды. Таңертеңнен бастап шетелдік темір тұлпар тізгіндегендер мемлекеттік тіркеудегі нөмірлік белгілерін алу үшін мамандандырылған ХҚКО-на асықты. Автокөліктерін алғашқы болып заңдастырған жандар бүгін көптен күткен мемлекеттік нөмірлерін қолына алды. Бірақ көліктердің кейбірі заңдастыруға жатпайтындықтан, жүргізушілердің біразы құр қол қайтып жатыр. 

Қазақстанның барлық өңіріндегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында бүгін ұзын-сонар кезек. Себебі елімізде шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыру басталды. Сәйкесінше, қазақстандық автокөлік жүргізушілері де темір тұлпарларын рәсімдеп, көптен күткен мемлекеттік нөмірлерін алуға асықты.

Есенгелді Досболов Шымкентте өзінің автокөлігін ең алғашқы болып заңдастырып, мемлекеттік нөмірлік белгісін алды. Ол темір тұлпарын заңдастыру үшін Жетісай қаласынан келген. Ер адам астындағы армениялық «Тойота» автокөлігін бір жылға жуық уақыт сенімхатпен мініп жүрген.

Есенгелді Досболов, Мақтаарал ауданының тұрғыны: «Армения көлігі, біраздан бері уайым боп жүр еді негізі тіркеле ма қалай болады екен деп. Бүгін тіркеуге бардым сағат 9-да. Бәрі жақсы уақытымен болды. 200 мың теңге төледім. Бәрін қосқанда 214мың теңге болды».

Заңдастыруға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік есептегі жеңіл автомобильдер, шағын және орта автобустар, шағын жүк көліктері, сондай-ақ оң жақ рульдік басқаруы бар көліктер жатады. Ішкі істер министрлігі осы уақытқа дейін шетелдік автомобильдерге 300 мыңға жуық автосақтандыру полисі рәсімделгенін мәлімдеді. Әрине, бұл көліктердің барлығы заңдастыруға жатпайды. Себебі, көлік кедендік тазартудан өтуі және іздеуде болмауы қажет.

Ерғали Сүлейменов, Шымкент қаласы әкімшілік полиция басқармасының бастығы: «Өтінім беру үшін жеке басын куәландыратын құжаты, автокөлік құжаты – техпаспорт немесе куәлігі, сонымен қатар, ол автокөлік оған тиесілі екенін растайтын құжаттар. Сол құжаттарды онлайн eGov.kz порталы арқылы үйде отырып беруге болады. Растайтын хабарлама телефонына келгеннен кейін мінждетті түрде тексеру пунктына апарып көрсету керек».

Заңдастырудың жүзеге асу барысын елордадан арнайы келген ішкі істер министрлігінің өкілдері қадағалайды.

«Біздің азаматтар 1 шілдеге дейін осыншама уақыт берілгеннен кейін көліктерін заңдастырып алғаны дұрыс. Бірақ осындай автокөліктердің саны көп болуына байланысты немесе ол кісілердің құжаттарының дұрыс болмауына байланысты сол уақытқа дейін үлгермей жатса, уақыты ары қарай созылуы мүмкін. Бірақ бірінші шілдеге дейін заңдастырудан өткізіп алғаны дұрыс. Ал егер 1-ші шілдеден кейін заңдастырудан өтпей қалған көліктер жолдарда пайдаланылатын болса, заң түрінде әртүрлі іс-шаралар қолданылатын болады», – дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының м. а. Қайсар Сұлтанбаев.

Дегенмен, барлық автокөлік бірдей заңдастырудан өте алмайды. Мәселен, Шымкенттегі кейбір көлік жүргізушілері электрондық үкімет порталында тұлпарын заңдастыруға рұқсат алғанымен, мамандандырылған ХҚКО-ға келіп, бұл үшін автомобиль иелерінен бас сенімхат талап етілетінін анықтады. Шығынға ұшыраймыз деген көлік иелері барлық автомобиль бірдей заңдастырылса екен дейді.

Дамир Сотбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Маусымда алғанбыз машинаны осы Шымкентте. Сақтандырумен алып айдап жүрдік. Кейін сентябрьде легализация заң қабылданды, президентіміз заң шығарды. Бізде снімхат жоқ та, ал оны бас сенімхат  алу үшін Арменияға бару керек. Мына адамдардың барлығы осы проблемамен жүр. Азаннан бері келіп, кетіп қалғаны қаншама».

Ішкі істер министрлігі көптеген шетелдік автокөлік иелерінде сенімхат немесе сату-сатып алу келісімшарты жоқ екенін айтады. Егер автокөлік мұндай жағдайда сатып алынса, сақтандыруы болған күннің өзінде заңдастыруға жатпайды.

Айта кетейік, бұл көліктерді заңдастыру жұмыстары – тек бір реттік науқан. Ол 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін ғана жалғасады. Яғни, болашақта қазақстандықтар шетелдік нөмірлі белгісі бар көлік құралдарын басқарған жағдайда, темір тұлпар айыптұрағына қойылады.