Шымкенттегі әлеуметтік бейімдеу орталығына аязды күні 50 адам келіп түскен

28

Қыстың аязды күні “Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды бейімдеу орталығына” келушілер саны артқан. Мұнда соңғы бірер күнде 50 адам келіп үлгерген. Олардың бірі өз еркімен келсе, енді бірін арнайы алып келген. Олар қаңтардың сықырлаған сары аязында үй-күйсіз қалып қойған.

Шымкентте полковник шеніндегі ауған соғысының ардагері ел ішінде «қаңғыбастар үйі» аталып кеткен орталықты паналап жүр. Оның мұнда келгеніне 2 жылға таяды. Үй-жайсыз қалған ол бүгінде осы мекенді паналауға мәжбүр.

Ералы Байбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «2021 жылы келгенмін. Жақсы қарап жатыр. Дәрігерлер де жақсы. Балаларым Ресейде. Мұнда өзім келдім»

Айта кетейік, Шымкентте қатты аяз басталғалы “Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды бейімдеу орталығына” 50 адам жүгінген. Ызғары бет қарыған қара суықта далада қалған жандардың бірі Асан Тұманов. Орталық мамандары оны әзірге оқшаулау бөлмесіне орналастырып, алғашқы көмек көрсеткен.

Асан Тұманов, Шымкент қаласының тұрғыны: “Мен кеше келгенмін. Киім берді, жуындырып, тамақ беріп жатыр. Алғысымды білдіремін!”

Мұндағы адамдардың бірі өз еркімен қозғала алмаса, енді бірі ащы суға салынып, отбасынан алыстап кеткен. Ал оларға мұнда 4 мезгіл асын беріп, уақытша баспана ұсынып отыр.

Орталық негізі 160 орынға шақталған. Алайда мекеме қызметкерлері қыс мезгілінде далада тоңған жандар болса барынша қабылдауға дайын екенін айтады.

Серікболсын Абдыхаимов, фельдшер: «Біз алғашқы медициналық көмек көресетеміз. Келген адамның қан қысымын, жүрек қығысын, денсаулығын толық тексеріп аламыз. Ал құжаттардыру бойынша 8 қызметкер жұмыс істейді. Олар анықтамасын, мекен-жайын бәрін анықтайды»

Одан өзге мекемеге келушілердің мүмкіндігі шектеулі болса, әлеуметтік статус алуға көмектеседі. Мұнда көбіне адамдар жағдайы тым нашарлаған кезде келіп жүгінеді. Мамандар оларға жан-жақсы көмек беріп, қалыпты өмірге бейімдеп шығарады.