Мақтааралда жүгеріден 30-ға жуық өнім шығаратын зауыт ашылмақ

28

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мақтааралға жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті. Жиында өңір басшысы ауданды дамыту бағытында атқарылған жұмыстармен және алдағы жоспарлармен таныстырды.

Айтуынша, былтырғы кездесуден кейін біраз мәселе өз шешімін тапты. Атап айтқанда, Жамбыл елді мекенінің көшелеріне трансформаторлар орнатылып, электр желілері жүргізілген. Ал бұл кездесуде қандай мәселелер көтерілді?

Мақтаарал ауданында жүгеріден 29 түрлі өнім шығаратын зауыт ашылады. Бұл туралы аудан халқымен кездескен облыс әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді. Өңір басшысы мақта алқаптарын әртараптандыру мен шиттің сапасын арттыру қажет екенін де тілге тие кетті. Өйткені, көрші елдің біраз фабрикасы Мақтааралдың мақтасын сатып алудан бас тартқан көрінеді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Былтыр біздің мақтаны көрші елдің біраз фабрикасы сатып алудан бас тартты. Сондықтан сапаны арттырған жөн. Ол үшін өткен жылы Түркиядан жоғары сапалы шитті мақта тұқымын алып келу үшін келісімшарт жасалды. Мақтааралдың әлеуеті жоғары. Мұнда еңбекқор халық тұрады».

Жалпы, ауданда өнеркәсіп өнім көлемі былтыр 16 млрд. теңгені құраған. Негізгі капиталға 22,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Ал биыл 1,7 млрд. теңгеге 4 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Нәтижесінде 108 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Сонымен қатар, биыл ел Президентінің ауылдарды дамыту тапсырмасы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шаруаларға жеңілдетілген несие беріледі.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында 6 бағыт бойынша қамтамасыз етеміз. Ол жерде мал, өсімдік, құс, балық шаруашылықтары мен коопаритвтері жабдықталуы мен ауыл тұрғындарын ашу. Осы 6 бағыт бойынша бізде 11 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Әрбір ауданда екі-екі ауылдардан біз таңдап, соларға осы қаржыны бағыттаймыз. Қаржы 2,5 пайыз несиемен 5-7 жылға беріледі».

Сондай-ақ облыс әкімі Мақтааралда темір жол салынатынын айтты. Президент тапсырмасымен «Дарбаза-Мақтаарал» теміржолының құрылысы жүреді. Қазір саяси шешім қабылданып, экономикалық және техникалық негіздемесі әзірленіп жатыр.