Сарапшылар: Ипотекалық және тұтынушылық несие алатындар азайған

33
«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы талай қазақстандық азаматтың үмітін оятқаны анық

Елімізде автокредитке сұраныс 15 пайызға  артқан. Ал ипотекалық және тұтынушылық несие алатындар керісінше азайған. Адамдар өмірінде бір рет болсын несие рәсімдейді.

Олар пәтер, автокөлік сатып алу немесе тұрмыстық техника деген сияқты түрлі қажеттіліктер үшін банктен қарыз алады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда шамамен 7 млн. тұрғында несие бар.
Сарапшылардың айтуынша, автонесие алушылардың көбейгені  нарықтағы көліктерге сұраныстың артуы мен елдегі жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына байланысты. Ал ипотекалық несиелерге керісінше сұраныс төмендеген дейді.
«Зейнетақы қорынан артық болған ақшаны мемлекет бір бөлігін шешуге рұқсат берді. Соңғы екі жылда жылжымайтын мүліктің көп сатылуы осы себепті. Қазір зейнетақы қорынан алу мүмкіндігі шектелді. Сондықтан адамдардың қаражаты азайды, яғни, ипотекалық несиелерге де сұраныс азайып бара жатыр. Осы себеппен де тұрғын үйлерге деген бағаның күрт өсуі осы жылы кішкене тежеледі деп ойлаймын», – дейді экономист Мұрат Қастаев.
Ал тұтынушылық несие рәсімдеудің төмендеуі ең алдымен банктердегі пайыздық мөлшерлемелердің жоғарылауымен байланысты. Сонымен қатар қарыз алушыларға қойылатын талаптар да қатаңдатылды – нәтижесінде кепілсіз несиелер бойынша рұқсат бермеу үлесі 61%-дан 65%-ға дейін, ал қамтамасыз етілген қарыздар бойынша – 31%-дан 43%-ға дейін ұлғайды.
«Былтырдан бастап біздің Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді. Инфляцияның өсуіне байланысты. Еліміздегі базалық мөлшерлеме өскенде коммерциялық банктер де депозиттер бойынша да, несие үшін де пайыздық мөлшерлемелерді көтереді. Пайыздық мөлшерлеме көтерілген сайын несие алу қиындай түседі», – деп түсіндірді Қастаев.
Сарапшылар тұрғындар арасындағы қарыз жүктемесі критикалық деңгейге жетпегінін айтады. Себебі маңызды көрсеткіш – несие алған адамдардың саны емес, оны төлей алмай жатқандардың саны. Қазір еліміздегі барлық несиенің тек 4-4,5 проценті уақытылы төленбейді.