Қазақстанда қолма-қол ақшаға сұраныс азайды. Қолға ақша алу көрсеткіші соңғы тоғыз жылдағы ең төменгі деңгейге жетті. Мамандардың айтуынша, халық қолма-қол емес төлем жасауға көшкен. Бұл тек ыңғайлы ғана емес, бизнес пен банктер үшін де тиімді.
Қазақстан Ұлттық Банкі деректеріне сүйенсек, қаңтар айында банк карталарынан қолма-қол ақша алу операциялары бір жыл ішінде 3 пайызға азайған. Карталар саны соңғы тоғыз жылда бес есе артқанымен, ақша шешу көлемі сол кезеңдегі деңгейге қайта түскен. Сарапшылардың айтуынша, QR-төлемдер мен онлайн қызметтердің дамуы қолма-қол ақшаны нарықтан ығыстырып отыр. Қомақты соманы қалтаға салып жүру қазір қолайсыз әрі қауіпті саналады.
ЖӘНІБЕК АЙҒАЗИН, САРАПШЫ: «Қазір қолма-қол ақшаны пайдалану көбіне заңсыз әрекеттермен байланысты. Себебі оның есебін жүргізу қиын, бақылаудан тыс қалады. Дегенмен цифрлық жүйенің де кемшілігі бар: мемлекеттік органның нұсқауымен банк кез келген соманы бұғаттай алады».
Банктер ұсынатын акциялар мен кешбэк бағдарламалары да қолма-қол ақшаның маңызын төмендетті. Картамен есеп айырысу арқылы халық қосымша үнемдеуге мүмкіндік алды. Мәселен, онлайн сауда делдалсыз жұмыс істейтіндіктен, офлайн дүкендерге қарағанда әлдеқайда арзан. Осылайша цифрлық төлемдер күнделікті шығынды азайтудың тиімді құралына айналды.
АРМАН БАЙҒАНОВ, ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ: «Банктер үшін қолма-қол ақшамен жұмыс істеу тиімсіз. Оны тасымалдау мен кассалық қызмет көрсету қосымша шығынды талап етеді. Сондықтан ақша шешкен кезде комиссия алынады. Бұл халық пен бизнеске салмақ түсіреді. Сонымен қатар мемлекет тарапынан да шектеулер қойылып, қолма-қол емес төлемдерге көшуге қолдау көрсетіліп отыр».
Мамандардың пайымдауынша, қолма-қол ақшаның дәуірі аяқталып келеді. Тіпті көлеңкелі айналым үшін де оның тиімділігі төмендеген. Цифрлық төлемдер күнделікті әдетке айналып, қаржы нарығынан қағаз ақшаны біртіндеп ығыстыруда.
Ботакөз Әнуар






