Úı ANONS Алтын, күміс қымбаттады. Нарықтағы құбылыс Қазақстанға қалай әсер етеді?

Алтын, күміс қымбаттады. Нарықтағы құбылыс Қазақстанға қалай әсер етеді?

фото inbusiness.kz

 

Ең қауіпсіз валюталардың бірі – алтын бағасы рекордтық деңгейде қымбаттады. Алмағайып дәуірде дүрлігіп те, дүрбелеңге түсіп те жатқан елдер аз емес. Әлемдік экономика күн сайын құбылып тұр. Ал алтын әрдайым байлықты сақтаудың ең тиімді құралы болған. Осындай кезеңде бағалы металл құнының арта түсуі нені білдіреді? Қазынамыздың құны өсті ме, әлде әлемде қауіп басым ба?

 

Алтын қымбаттады – бұл нені білдіреді?

Алтын өз құнын жоғалтпайтын металл екенін жоғарыда атап өттік. Бұған дейін ол өткен жылдың 13 қаңтарында рекордтық деңгейде қымбаттап, 1 грамы 75 200,37 теңгеге жеткен. Ал соңғы деректер бағаның одан да асып түскенін көрсетіп отыр. Әлемде алтын бағасы граммен емес, унция деген өлшем бірлікпен анықтау кең таралған. 1 унция шамамен 31 грамға тең. Ұлттық банк бағамы бойынша 2026 жылдың 19 қаңтарында алтын унциясының құны 4666,65 долларды құраған. Бұл сол кездегі теңгеге айырбастағанда 2 390 071 қазақстандық валютаға тең.

 

Мұндай күрт өсімге АҚШ саясаты себеп болып отыр дейді сарапшылар. Reuters басылымы Дональд Трамптың Гренландия төңірегінде дау тудыруы, сондай-ақ, Еуропа елдеріне баж салығын қосуы мүмкін деген деректердің таралуы нарыққа осылай әсер етіп отыр дейді. Бұл долларға деген сенімнің азайып, алтынға сұраныс артқанын аңғартады.

«Алтын бағасының күрт өсуіне әсер еткен негізгі факторлардың бірі ретінде геосаяси жағдайларды айтуға болады. Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы жағдай, өзге де әскери қақтығыстар инвесторлар үшін тәуекел деңгейін арттырып отыр. Сондықтан олар қауіпсіздік айлағы ретінде алтынға бір табан жақындай түсуде. Екінші фактор – инфляция, яғни, ақшаның құнсыздануы. АҚШ-та да доллардың құнсыздануы басылмай тұр. Алтынның инфляцияға қарсы құрал болып саналуы оған деген сұранысты арттырып отыр. Одан кейін орталық банктер алтын сатып алуды күшейтіп отыр. Қытай, Түркия, Ресей, Үндістан секілді мемлекеттер долларға деген тәуелділікті азайту мақсатында құнды металды көбірек ала бастады. Тағы бір фактор ретінде АҚШ қарызының азаюы долларға және оның болашағына деген сенімді азайтып отыр», – дейді экономист Бауыржан Ысқақ Мұратбекұлы.

 

 

Алтын 1 грамы 75 200,37 теңге

1 унция шамамен 31 грамға тең

Алтын унциясының құны 4666,65 долларды құраған

Бұл сол кездегі теңгеге айырбастағанда 2 390 071 қазақстандық валютаға тең

 

Алтынның қымбаттауы Қазақстан үшін тиімді ме?

Алтын құнының арта түсуі Қазақстан үшін тиімді. Себебі оның ұлттық қордағы мөлшері аз емес. Еліміздің алтын қоры 284,05 тоннаға жуықтайды. Мұндай байлық бойынша көршілес Өзбекстан бізден алда. Ондағы алтын қоры 382,57 тонна екен. Әлем елдері үшін байлықты мұндай құнды металл түрінде сақтау қалыпты жағдай. Ол елдің қаржылық қуаты мен қауіпсіздігіне кепілдік береді. Алтынға бай елдер ретінде АҚШ, Германия, Италия, Франция, Ресей мемлекеттерін атауға болады.

 

Қазақстан алтын қоры 284,05 тонна

Өзбекстан алтын қоры 382,57 тонна

«Бағаның өсуі ұлттық қорға оң әсер етеді. Біздің резервіміз жыл өткен сайын артып келеді. Баға өскен сайын резервтердің нарықтық құны да артады. Елдің қаржылық тұрақтылығы күшейеді. Теңгеге қысым да азаюы мүмкін. Бірақ алтынның табыс әкелмейтінін ескеруіміз керек. Ұлттық қор есебінен доллармен жасалатын инвестициялар дивиденд немесе басқа да пайыздық өсімдер нәтижесінде табыс әкеледі. Ал алтын тек қорғаныс құралы екенін ұмытпаған жөн», – дейді экономист Бауыржан Ысқақ Мұратбекұлы.

Қарапайым халық үшін қандай әсері бар, алтын алған дұрыс па?

Құнды металл қымбаттай түсті. Қазынамыз артты. Ал мұның қарапайым азаматтарға әсері бар ма деген сауалымызға Бауыржан мырза келесідей жауап берді.

«Оның халыққа тікелей әсері бар дей алмаймын. Әйткенмен жанама әсері бар. Оны алтын әшекей сатушылар, құйма алтын қоры бар азаматтар сезуі мүмкін. Десе де алтын қымбаттады екен деп жалақы көбеймейді. Тек жоғарыда атағанымдай инфляцияны тежеуге көмектесуі мүмкін», – дейді Бауыржан Ысқақ.

Құнды металл қымбаттады екен деп алтыннан алқа тағуға құмар ағайын әшекей алып-сатуға асықпағаны жөн. Мамандар бағалы металды сәндік бұйым емес, құйма немесе цифрлы форматта алуға кеңес береді. Себебі алтын әшекейлер сатып алған соң өз құнын 20–22 пайызға дейін жоғалтуы мүмкін. Сондықтан бұл тұста табыс табудың тиімді жолы – инвестиция жасау. Сала маманы бұл тұста алтынға қаржы құю ұтымды дейді.

«Қазір алтын сатып алу орынды. Бірақ ол бірден табыс әкеледі деп айта алмаймыз. Бұрын әлем экономикасындағы дағдарыстар 15–17 жылда келетін. Қазір қарқын күшейіп, бұл 5–7 жылда келетін болды. Қазір де әлемде сондай жағдай байқалады. Сондықтан бұл кезеңде капиталды сақтап қалудың ең дұрыс жолы – бағалы металдарға инвестиция жасау дер едім. Әйтсе де бар байлығыңызды тек алтынға салмай, оны әртараптандырған абзал», – дейді Кәмшат Аристиева.

Өзге де бағалы металдардың жай-күйі

Әлемдік нарықта өзге де металдар құны өсуде, олардың қатарында күміс те бар. Ұлттық банк 19 қаңтарда күміс унциясын 93,50 долларға бағалаған. Сол күнгі бағамға сәйкес 47 887 теңгеге жуықтайды. Сондай-ақ платина бір унция үшін 2353,25 долларға (1 205 241 теңге), палладий 1804,06 долларға (923 967 теңге) дейін өсті. Сарапшылар күміс секілді бағалы металдар бағасының артуы әлемдегі белсенділіктің артқанын білдіреді дейді.

Күміс – бұл өнеркәсіптік металл. Ол негізінен жасыл энергетика мен электромобильдер өндірісінде жиі қолданылады. Сондықтан ол әлемдік өндірістің қайта жандануы және технологиялық сұранысқа тікелей байланысты. Яғни, алтын қорғаныстың индикаторы болса, күміс экономикалық белсенділіктің индикаторы. Екеуінің бірдей қымбаттауы әлем әрі қауіптеніп, әрі болашаққа инвестиция салып жатыр дегенді білдіреді.

Нарықтағы жағдайға қарап қазірше күрделі шешімдер қабылдамаған абзал. Бағалы металдардың қымбаттауы еліміз үшін көбірек оң әсер береді. Ал әлемде бұл саяси-экономикалық қарым-қатынастардың белгісіздік күйге жақын екенін аңғартып отыр. Жамбымыз тай тұяққа айналып, алтынымыз молая түссін дейміз де.

Төлеген Абдрасилов

«Оңтүстік Рабат» газеті, №5