Úı ANONS Пәтерге сұраныс артты

Пәтерге сұраныс артты

Қазақстандықтар бағаның өсуіне қарамастан, тұрғын үйді белсенді түрде сатып алып жатыр. Сарапшылар соңғы уақытта тұрғын үй бағасының күрт өсуін жасанды сұраныстың артуымен  байланыстырып отыр. Өткен жылдың соңында көптеген құрылыс компаниялары ҚҚС-ның көтерілуіне байланысты бастапқы нарықтағы бағаны көтерді.  Соның нәтижесінде, екінші нарықтағы бағалар да өсті. Сол мезетте баспаналы болып қалудың амалын қарастырғандар көбейген еді. Кейіннен, жыл басындағыдай алып-сату әп-сәтте тыйылған.

Өткен жылы қазақстандықтар шамамен 450 мың жылжымайтын мүлік сатып алу-сату мәмілесін жасады. Ең жоғары көрсеткіш желтоқсан айында тіркеліп, сол кезде 50 мыңнан астам құжат рәсімделген. Сарапшылардың айтуынша, белсенділіктің өсуі көп жағдайда бағаның өсуімен  байланысты. Осы жылдың қаңтарынан бастап құрылыс саласына ҚҚС қайта енгізілді.

Бұған дейін құрылыс компаниялары бұл салықты төлемеген. Мамандардың пікірінше, ҚҚС-ның салдары  тұрғын үй бағасына тек 2027–2028 жылдары әсер етеді. Яғни, құрылысы биыл басталған нысандар нарыққа шығарылған уақытпен тұспа-тұс келмек. Десе де, құрылыс компаниялары салықтың бір бөлігін пәтер бағасына алдын ала қоса бастаған.

АЛЕКСАНДР ПАК, САРАПШЫ: «Мен  қосымша құн салығының бір бөлігі, тіпті толық көлемі бастапқы тұрғын үй бағасына әлдеқашан енгізілгеніне сенімдімін. Өйткені жеңілдік жойылатыны туралы әңгіме көптен бері айтылып келеді. Сол себепті құрылысшылар оны біртіндеп 2–3 пайыздан қосып отырды. Құрылыс салушы сатып алушының мүмкіндігі шектеулі екенін жақсы түсінеді. Егер бірден, мысалы, 16 пайызды қосса, көңіл күйді түсіретіні анық. Сонымен қатар, сатылымда бірден күрт төмендер еді».

Жыл соңына қарай сатылымның өсуіне әсер еткен қосымша факторлардың қатарында үлестік құрылыс туралы заңға енгізілген түзетулер де бар. Соның салдарынан көптеген құрылыс компаниялары уақытша нарықтан тыс қалды. Сондай-ақ саладағы жұмысты қатаңдатқан және жылжымайтын мүлік нарығындағы күштердің арақатынасын өзгерткен жаңа Құрылыс кодексі де ықпал етті.

ЛЕВ ТЕТИН, САРАПШЫСЫ: «Ал бізді биыл, яғни 2026 жылы не күтіп тұр? Бағаның өсу динамикасы сақталады, өйткені ұсыныс әлі де шектеулі. Өткен жылы нарықтан шығып қалған 62 пайыз компания әлі толық құжаттарын дайындап, үлескерлерді тартуға лицензия алып үлгерген жоқ. Бұдан бөлек, жалпы белгісіздік бар, себебі ақша құнсызданып жатыр, ал жылжымайтын мүлік өсім көрсетуде. Сондықтан биыл тұрғын үй бағасының өсімі шамамен 15 пайыз деңгейінде болады деп күтеміз».

Сұранысқа келсек, сарапшылардың пікірінше, 2026 жылы баға қазіргі деңгейде сақталып, аздап өсім көрсетуі мүмкін. Жыл қорытындысы бойынша нарықта бас аяғы 460–470 мың мәміле жасалады дейді мамандар. Олардың айтуларынша, бұл нарықта сақталатын нақты көрсеткіш.

Нұргүл Жолымбетова