Úı ANONS Су басу қаупі бар ма?

Су басу қаупі бар ма?

Түркістан облысында бірнеше ауылды су басты деген ақпарат әлеуметтік желіні шарлап кетті. Оқиғаның ақ-қарасын анықтау үшін редакция ұжымы жауаптыларға жүгінген болатын. Расында, Төлеби ауданы Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты Зағамбар елді мекенінде бірқатар үйлердің ауласын су шайғаны анықталды. Қазіргі таңда жағдай тұрақты дейді мамандар. Бірақ, көктем келіп, қар еріген уақытта не болмақ?

Түркістан облысы, Төле би ауданы, Зағамбар елдімекенінің тұрғындары әбігерге түсті. Қардың еруі мен жауын-шашын салдарынан аулаларын су басып, тіпті кей тұста жауын суы үйлерге дейін кірген. Тұрғындардың тосын жағдайға тап болғанын ескерген төтеншеліктер бұл олқылықтардың орнын лезде толтырған. Қазіргі таңда тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ дейді әкімдік өкілдері.

«Төлеби ауданы Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты Зағамбар елді мекенінде орын алған жағдай бойынша төмендегіні хабарлаймыз. Аталған елді мекенде 5 тұрғын үйдің ауласына су кірген. Оқиға орын алған күні аудандық төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы орган тарапынан тиісті жұмыстар жедел ұйымдастырылып, аулалардағы су толық тазартылды. Қазіргі таңда жағдай тұрақты».

Мамандардың айтуынша, тоқтаусыз жауған жауын суы сай саладан жиналып, аулаларға кірген. Сонымен қатар, су басу фактілері ирригациялық арықтардың толып қалу салдарынан да орын алады екен. Сондықтан, сақтық шараларына мұқият болу керек дейді мамандар. Қазіргі таңда, су басу қаупі басым аудандарда облыс әкімі тиісті дайындық шараларын пысықтап жатыр. Мәселен, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына қарасты бірқатар елдімекендерде болып қайтты.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:  «Облыстағы су нысандары мен өзен-көлдер тұрақты бақылауға алынған. Жауапты мекеме өкілдерінен кезекшілік ұйымдастырылған. Өздеріңізбен жолығып, пікірлеріңізді тыңдау үшін келдік. Осы ауылдағы өзенге түскен қыс-көктемгі қар мен жауын-шашын суын жинап, су қойма жасап, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану мәселесін зерделеу керек. Нақты ұсыныс беріңіздер. Көпір биыл жөнделеді, ал келесі жылы бұл мәселе толық шешіліп, көпірді жаңартуды жоспарлап отырмыз. Мәселе толық бақылауда тұр».

Мамандардың мәліметінше, жауған қар мен жауын-шашын сулары Сырдария өзені арқылы су қоймаға келіп құйылуда. Бұл өз кезегінде Шардарадағы су көлемінің артуына оң әсерін тигізіп отыр. Қазіргі таңда су қоймадағы судың жиналу деңгейі жақсы деп бағалануда.

Шардара су қоймасы 5200 млн.м3 су жинауға негізделген. Қазіргі таңда 13.02.2026 жылға 4503 млн.м3 су жиналған. Жауған қар,жауын шашын Сырдария өзені арқылы су қоймаға келіп, жиналуына әсер болады. Шардара су қоймадағы судың жиналуы жақсы. Алдағы кезеңдерде суды толық жинауға жоспарланып, тұрақты күнделікті есептілігі жүргізіліп бақылауда.

Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жалпы 1064 жеке құрам, 124 техника, 11 бірлік жүзу құралдары, 92 бірлік су сорғыш құралдары мен 44 бірлік эвакуциялауға арналған техника дайындыққа келтірілген.  Ал, алдын алу бойынша 12 іс-шарадан тұратын «2025-2026 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар» жоспары бекітілген.

Нұргүл Жолымбетова