Түркістан облысында 1000-шы мектеп халық игілігіне берілді

Түркістан облысында 1000-шы мектеп ашылды. Білім ұясының ашылу салтанатына өңір басшысы Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, оқушылар мен ұстаздарды құттықтады. Жаңа нысан 900 оқушыға лайықталған. Мектеп кабинеттері соңғы үлгідегі жиһаздармен жабдықталған.

Киелі Түркістан облысында мыңыншы мектеп бой көтерді. Нысан Сарыағаш ауданында орналасқан. 900 оқушыға арналған мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Үлкен спорт залы, 300 орынға арналған асхана мен 2 медициналық бөлме бар. Ал мектептегі суық су мен жылу және санитарлық байланыс құбырлары орталықтандырылып, ғимараттың алдыңғы бөлігіне асфальт төселген. Барлық кабинет медициналық құралдармен, жиһаздармен жабдықталған. Сондай-ақ, өртке қарсы дабылқаққыш, 17 сыртқы және 60 ішкі бейнебақылау камералары орнатылған.

Рахым Оспанов, Сарыағаш қаласының төбе биі: «1000-шы мектеп екен, енді саны 1000-нан да асып кете берсін! Осы мектепте біздің болашақ ұрпақтарымыз тәрбие алып, өсіп-өніп, елдің қуанышына ие болсын! Сол үшін барлықтарыңызға аудан, ауыл тұрғындарына жаңа мектеп игілікке, жақсылыққа, балаларды оқытып, тәрбиелеуге қызмет істесін! Құтты болсын!»

Сарыағаш қаласы, «Самал» шағынауданындағы №78 жалпы орта мектебінің құрылысы 2020 жылы басталған. Білім ошағында кітапхана бойынша 1 оқу залы мен 1 медиа зал бар. Сондай-ақ химия, физика, еңбек және информатика кабинеттері толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, жергілікті тұрғындарды құттықтады.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Мемлекет басшысы балаларға жағдай жасауды ерекше тапсырды. Өнерлі, білімді, спортқа бейім балаларды жан-жақты дамыту керектігін айтты. Бұл тапсырманың біздің өңір үшін маңызы өте жоғары. Себебі еліміздегі сәбилердің бестен бірі Түркістан облысында дүниеге келеді. Облысымызда, қазіргі таңда 700 мыңнан астам бала бар. 2400-ге жуық білім беру ұйымы жұмыс істейді».

Түркістан облысында мектеп тапшылығы мәселесі өз шешімін тауып келеді. Мәселен, өткен жылы 21 білім ұясы пайдалануға беріліп, 2 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілді. Биыл өңірде 20 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс көлемінде 63 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Оның ішінде 2023 жылы 31 мектептің құрылысын бастауға қаржы бағытталған.